Павлодар облысы Баянауыл ауданы орталығынан он шақырым жерде 9 гектардан астам аумақ отқа оранды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі өрт 14 шілдеде басталды. № 83 2,5 га учаскеде сағат 19:25-те ауыздықталды, яғни от сөндірілді, бірақ түтін қалды. Сол жерде көрші № 73 учаскеде тоғыз гектарда 22:12-де қызыл жалын ауыздықталды. Кеше түстен кейін № 73 учаскеде өрт шықты. Бұл таулы орманды жерлер", – деп хабарлады Баянауыл ауданы әкімі аппаратының ТЖ бас инспекторы Саят Қабдиев.
Саят Қабдиев айтып өткендей, әзірге өрт алаңы мен оның себептері туралы нақты ақпарат жоқ.
"Бұл Баянауыл ауылынан он шақырым жерде орналасқан. Жасыбайдағы демалыс аймақтарынан от шарпыған аумақты Сабындыкөл көлі, таулар, жолдар бөледі, бұл шамамен 25 км. Өртті сөндіру жөніндегі штаб өрттен бір шақырым жерде орналасқан",– дейді ол.
Өрт сөндіруге 78 адам мен 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылады.
"Төрт техника, оның ішінде үш мамандандырылған, облыстық өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жіберілді. Бүгін қосымша техника, шелектер мен күректері, құлақшалары бар 50-ге жуық адам тартылатын болады. Екі арнайы техника орман күзетіне жіберілді. Бүгін сағат 11:10-да екі Ми-8 тікұшағы жұмыс істей бастады, біреуі аумақты патрульдейді, екіншісі 2,5 мың текше сумен өрт сөндіреді",– дейді Саят Қабдиев.