Баянауылда шаңғы кешені пайдалануға беріледі

1204

Баянауылда шаңғы кешені пайдалануға беріледі

Павлодар облысының туристік орталығы– Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасы биыл толық жаңартудан өтіп, жарықтандыру желілері тартылып, жол жөнделген-ді. Ендігі ретте қысқы туризмді дамыту мықтап қолға алынып отыр. Биіктігі 800 метр болатын Мырзашоқы тауында шаңғы кешені ашылмақ. Жобаның жалпы құны - 277,7 миллион теңге. Бұл қомақты қаражатты бірнеше инвестор бөлген, деп хабарлайды abctv.kz.
Осы уақытқа дейін 1050 метрлік арқан жолды монтаждауға арналған құрал-жабдықтар жеткізіліп, "АзияПромИнжинеринг" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арнайы тіреулерді орнатты, Қаражар ауылынан Мырзашоқы тауларына дейін 3 шақырымдық электр желісі тартылды. Екі орындық 70 кабина бір сағат ішінде арқан жол арқылы 550 адамды тасымалдауға қауқарлы. 
Кешеннің құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі Болат Бақауов қажетті шараларды тездетіп, желтоқсан айында қолданысқа беруді тапсырды. 
"Қаражат бөлінді, жобалық-сметалық құжаттама дайындалды, халыққа уәде берілді. Сондықтан шаңғы базасы биыл қыста дайын болуы тиіс. Керек десеңіздер, осы іске жауапты мамандар шатыр құрып, нысанның жанында түнесін!" – деді аймақ басшысы.
Тау шаңғы базасының ашылуы туристерге арналған қонақ үйлердің, тамақтану орындарының болуын талап етеді. Осы бағыттағы істі бастауға жергілікті тұрғындар да, кәсіпкерлер де ниет танытып отыр. 
"Туристерге қызмет көрсетумен айналысқаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Жыл сайын Жасыбай көліне келетін демалушыларды қабылдап, олардың жайлы тынығуы үшін жағдай жасап келеміз. Мырзашоқы тауы маңында да қонақ үй салуға әзірміз. Бұл кәсіпкерлерге де, тұрақты жұмыспен қамтылатын ауылдықтарға да тиімді болады деп ойлаймын", - дейді кәсіпкер Айдос Сұлтанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу