Баянауылда тау-шаңғы базасы іске қосылды

1709

Баянауылдағы жаңа база күніне бес мыңға дейін адам қабылдауға қауқарлы. 

Баянауылда тау-шаңғы базасы іске қосылды

Павлодар облысындағы Баянауыл ауданында тау-шаңғы базасын ашуға дайындалып жатыр. Туристерді Мырзашоқы тауына көтеретін арқан жолы дайын. Алдағы уақытта қалың қар түскен соң, баянауылдықтар қысқы туристік маусымды ашатын болады, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Баянауыл ауданына жұмыс сапарымен келген аймақ басшысы Болат Бақауов нысанды аралап көрді. Мырзашоқы тауындағы арқан жолы толық іске қосылып, туристерді қабылдауға дайын екен. Нысанның бас операторы Медет Жетпісбаевтың айтуынша, арқан жолы таудың басына бір сағаттың ішінде 600 адамды көтере алады.

"Арқан жолының ұзындығы 960 метрді құрайды, оның бойына екі орындық 63 отырғыштар орналасқан, – деді ол. – Берілген жылдамдық бойынша арқан жолындағы сапардың ұзақтығы 11 минуттан 24 минутқа дейін созылуы мүмкін. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жолдың шетінде желдің жылдамдығын бақылайтын арнайы белгілер орнатылған. Егер, желдің жылдамдығы секундына 25 метрді құрайтын болса, жоғарыға көтерілу тоқтатылады. Сонымен бірге, арқан жолының резервтік қуат күші ретінде дизель генераторы қарастырылған".  

Арқан жолынан бөлек құрылысшылар қосалқы үй-жайларды да салып бітірді. Сонымен бірге, туристік базаға келушілер үшін арнайы спорт жабдықтары да сатып алынды.

"Егер, бұрын туристер Баянауылға тек жазғы уақытта келетін болса, ендігі жерде қысқы демалысқа келушілердің саны да артатын болады, – деді аймақ басшысы. – Қазіргі кезде Баянауылға әкелетін жолдың жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы кезде туристер тау-шаңғы базасына әлдеқайда жылдам жететін болады".  

Баянауылдағы жаңа база күніне бес мыңға дейін адам қабылдауға қауқарлы. Туристік нысанда жергілікті тұрғындар үшін ондаған жұмыс орындары ашылады деп күтіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу