Баянауылдағы көлден 150-ге жуық дала құсының өлексесі табылды

Құстардың нақты неден қырылғаны әзірге белгісіз.  

Баянауылдағы көлден 150-ге жуық дала құсының өлексесі табылды Фото: Қазақпарат

Баянауыл ауданындағы Шалқар көліндегі сарыалақаздың жаппай қырылғаны байқалды. Үйрек тұқымдас бұл құстың неден арам қатқанын мамандар анықтауда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Күркелі ауылының маңындағы шалқар көлінде аққу, үйрек, қаз, сарыалақаздар бар. Бірақ басқа құстардың барлығы дін аман. Тек жыл құсы болып есептелетін шамамен 150 сарыалақаз жағаға шығып қалып, қырылған. Олардың барлығы дерлік – балапандар. 

Ветеринария саласының мамандары 6 тамыздан бастап аталмыш аумақта жұмыс істеп жатыр. Күні кеше өлекселердің барлығын жинап, инсинаторда өртеді. Сол арқылы өзге құстарға төнуі мүмкін қауіптің бетін сейілтті. Сондай-ақ, құстардан материал алынып, Астанадағы ұлттық зертханаға жіберілді. Сараптама қорытындысы әзірше шыққан жоқ. 

"Шалқар көлі негізі екі бөліктен – ащы және тұщы судан тұрады. Соңғы жылдары олар кемерінен асып, бір-бірімен қосылды. 10-15 жылда көлдің конденсаты бөлініп отыратыны тағы бар. Яғни, тұздың көлемі күрт көбейеді. Сарыалақаздардың қырылуына сол себеп болды ма деген болжам бар. Себебі балапандарды басқа су айдынына жібергенде олар "есін жиып" алады", - дейді жергілікті ветеринарлық пункт меңгерушісі Ғылымбек Жұмабеков. 

Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылтас Тілеубаев тағы бірнеше болжамды алға тартты. 

"Аталмыш көлдің маңында егін салатын алқаптар бар. Соған шашылған гербицидтер құстарға кері әсер етуі мүмкін. Ылғалдық жоғары болуы салдарынан өсімдіктерден у бөлініп, қаздар сол улы өсімдіктермен қоректенуі де ықтимал. Бір анығы, бұл – жұқпалы ауру емес. Яғни көлдегі өзге құстарға зиянын тигізбеуі тиіс", - дейді Асылтас Тілеубаев. 

Қазіргі таңда мамандар осы ауыл мен өзге де жақын елді мекендер маңындағы көлдерді де тексеріп жатыр. Бірақ өзге көлдерде мұндай жағдай әзірше тіркелген жоқ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу