Баянауылдағы Мырзашоқы тау-шаңғы кешені жеке инвесторға беріледі

1857

Екі жылда Баянауыл курорттық аймағына 23 млрд теңге инвестиция тартылған. 

Баянауылдағы Мырзашоқы тау-шаңғы кешені жеке инвесторға беріледі

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың пікірінше, өңір экономикасына оң әсер етіп отырған тың саланың бірі – туризм. 
"Баянауыл курорттық аймағы Қазақстандағы туризмді дамытуға басымдық берілген әлеуетті ТОП-10 жобаның қатарына қосылды. Мұнда жыл сайын 200 мыңнан астам турист демалады. Біз Баянауылдың туристік әлеуетін нақты бағалауға әлемнің бірнеше елінен білікті сарапшыларды тарттық. Баянауылдың туризмді дамыту жөніндегі бас жоспарын McKinsey&Company халықаралық консалтингтік компаниясы әзірледі", – деді Болат Бақауов халық алдындағы есептік кездесуінде. 
Бас жоспар 2019-2025 жылдарды қамтиды. Соңғы екі жылда Баянауыл курорттық аймағын дамытуға 23 млрд теңге инвестиция тартылған. Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдерінің жағажайы абаттандырылып, жолдар жөнделген. Шағын авиацияға арналған аэродром салынды. 
"Баянауылды жаңғырту жұмыстары жалғасады. 2019 жылы су құбырын тарту жұмыстары жүргізіледі. Жасыбай көліне дейін электр желілері тартылады. Сондай-ақ дренаж жүйелерін жобалау басталады. Баянауылда жыл-он екі ай бойы демалуға мүмкіндік жасаймыз. Былтыр Мырзашоқы тау-шаңғы кешенін іске қостық. Кешен жыл сайын 5 мың туристке дейін қабылдайтын болады. Тау-шаңғы кешенін жеке инвесторға береміз. Ол инфрақұрылымды жақсартып, сервисті дамытуы керек. Қысқы спорт түрлеріне арналған жаңа орындар ашуы қажет", – деді Павлодар облысының әкімі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу