"Туған жер" бағдарламасы аясында Баянауыл ауданында дүниеге келген азаматтар әлеуметтік-мәдени нысандарды нығайту мақсатында 100 млн теңгеге демеушілік қаржы жинаған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәлихатында аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ауданнан шыққан белгілі азаматтар биылғы жылы үлкен қолдау көрсетті, - дейді Оразгелді Қайыргелдинов. - Мысалы, Ақсан ауылының тұрғындары Қудешовтар мешіт тұрғызса, Қаратомар ауылдық округі Белағаш ауылының тұрғындары асхана салды және зиратты қоршап, стела орнатты. "МТС Жайма" ЖШС-нің басшысы Батырбек Алдабергенов мектепте "Рухани жаңғыру" кабинетінің тұсауын кесті. Сәтбаев ауылдық аймағының тұрғыны Сабыр Әлібаев ауылдың шетінде қар тоқтату жүйесін орнатты. Көкдомбақ ауылының тұрғындарымен стела құрылып, Қызылтау ауылының тұрғындары адаргерлер мен балаларға арналған алаң ашты".
Бұдан басқа, Павлодар қаласының депутаты Қобланбек Кожин мен аудандық кәсіпкер Марат Назарбаев Қызылтау ауылдық аймағы Лекер мектебін жөндеуге атсалысқан. Майқайың кентінде жеке меншік кәсіпкерлер балабақшаға теледидарлар мен ойыншықтар сыйға тартқан.
"ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлының жетекшілігімен "Ертіс – Баян – Тарихи тұлғалары" қоры ауқымды жұмыс атқарды, - дейді спикер. – Мұса Шормановтың 200 жылдығын атап өтуге қайырымдылық көмек танытты. Кесене мен қоршаулар тұрғызылып, айналасы көріктендірілді".