Баянауылдың бұрынғы басшысы қамауға алынды

1119

Оразгелді Қайыргелдиновке аэродромды сатып алғаны үшін айып тағылып отыр.

Баянауылдың бұрынғы басшысы қамауға алынды

Павлодар облысы Баянауыл ауданының экс-әкіміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының орынбасары Дархан Құрақбаев хабарлады.

"О.Қайыргелдинов Баянауыл ауданының коммуналдық меншігіне пайдалануға беруге жарамсыз аэродромды облыстық бюджет есебінен 240 млн теңгеге сатып алғаны үшін күдікке алынды. Оны қамауға алу туралы шешім шығарылды. Тергеу ісі жалғасуда", –  деді Дархан Құрақбаев.

Баянауыл ауданында аэродром ашу мәселесі алғаш рет осыдан үш жыл бұрын айтылған болатын. Сол тұста аймақты басқарған әкім Болат Бақауов Баянауылға Павлодар, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларынан шағын ұшақтармен жету туралы бастаманы көтерді. Тіпті, 2017 жылдың жазында облыс әкімінің өзі кіші авиациямен Баянауылға ұшып келіп, құрылысы басталған аэродромға қонған еді. Баянауылда дәл осындай көлік байланысының орнауы ауданның туристік әлеуетін арттырып, жыл он екі ай бойы демалушылардың көп келуіне әсер етеді деп жоспарланған-ды.

Бірақ бұл жоспар орындалмай, жарты жолда қалды. Осы жылдың қаңтар айында Болат Бақауов қызметін асыра пайдаланғаны үшін қамауға алынып, кейін бас бостандығы шектелсе, енді осы идеяны іске асыруға талпынған Баянауылдың бұрынғы басшысы күдікке ілінді. Оразгелді Қайыргелдинов 2019 жылдың желтоқсан айында қызметінен кетіп, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы төрағасының орынбасары болып еңбек еткен еді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу