Базардағы 400-ден астам саудагер субсидия алды

546

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.  

Базардағы 400-ден астам саудагер субсидия алды Фото: gov.kz

Ішкі сауданы дамыту шараларын іске асыру аясында сауда саласындағы 400-ден астам кәсіпкер мемлекеттік қолдау алды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Биыл субсидиялау аясында жалпы несие сомасы 57,5 млрд теңгені құрайтын 418 жобаға қол қойылды. Төленген субсидиялардың жалпы сомасы 2788 млн теңгені құрады. Сонымен қатар кепілдендіру құралы бойынша несие сомасы 8 млрд теңгені құрайтын 103 кепілдік беріліп, мемлекет тарапынан кепілдіктердің көлемі 3,6 млрд теңгені құрады", – делінген хабарламада.

Аймақтардағы сауда инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Шығыс Қазақстан облысында қазіргі уақытта мемлекеттік қолдау аясында ішкі сауда саласында шамамен 7 млрд теңге болатын 21 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Базарларды жаңғыртудың Жол картасы аясында 2025 жылы Өскемен қаласында "Заря", "Заречный" және "Орталық" атты үш базарды жаңарту аяқталады. Оның ішінде "Заря" мен "Заречный" базарлары Сауда және интеграция министрлігінен мемлекеттік қолдау алды.

"Сауда базарларын толық жаңғырту – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі. Бұл – заң мен тәртіп жолы. Сауда министрлігі қажетті нормативтік-құқықтық базаны толық әзірледі. Енді сауда нысандары өз қызметін заң талаптарына сәйкестендіруі тиіс. Ең алдымен, бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Келесі жылдың басынан бастап жаңғыртудан өтпеген базарлар жұмысын жалғастыра алмайды", – деді Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев.

Айта кетейік, келер жылдан бастап "Сауда қызметін реттеу туралы" заңға сәйкес елдегі барлық базарлар заманауи стационарлық нысандар форматына көшіріледі. ҚР Сауда министрлігі 2029 жылға қарай сауданың заманауи форматтарының үлесін 70%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 41%-ды құрайды.

Сауда базарлары да заманауи стандарттарға көшуі тиіс, яғни өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес болуы, төлем карталары арқылы салық түсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуі, сондай-ақ тұтынушыларға ыңғайлы автотұрақ аймақтарымен жабдықталуы қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу