Мәжіліс депутаты, "Respublica" партиясының көшбасшысы Айдарбек Қожаназаров Динара Шүкіжанованың өкілеттігін тапсыруы туралы өзінің ойын айтып, орнына кім келетіні туралы пікір білдірді. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.
"Бізде де басқалар сияқты партиялық тізім бар. Орталық кеңеспен жиналуды жоспарлап отырмыз, бір аптада келесі депутатты анықтауымыз керек. Әрине, үміткерлер бар. Бірақ Бейбіт Әлібеков пен Нұрлан Қоянбаевтың Парламентке келуі екіталай. Басқа жігіттер бар. Әзірге еш фаворитіміз жоқ, бәріміз дауыс береміз. Динара Шүкіжанова мүше болған комитетке сай келетін, кәсіпкерлік тәжірибесі бар бірқатар адам бар. Шынымды айтсам, қазір пікір айту қиын, өйткені әрқайсымыздың өз ойымыз бар. Енді осы ойлардың бәрін ортаға саламыз. Динараның өзі партиямызда тең төраға болып қала береді. Оның да ұсыныстары бар шығар", - деп түсіндірді Айдарбек Қожаназаров Мәжіліс кулуарында.
Оның сөзіне құлақ асатын болсақ, Динара Шүкіжанова көптен бері бизнеске қайта оралғысы келетінін айтып жүрген. Бірақ ол бастаған бастамаларын аяқтауы тиіс еді.
"Қазір барлық бастамаларын табысты аяқтады, сондықтан бизнеске кетіп жатыр. Менімен жанжалдасып кетті деген сөз – қауесет. Ол менің жақын досым, "Respublica" партиясы құрылмай тұрып-ақ дос боғланбыз. Партияда көшбасшылық үшін күрес болған жоқ. Айналып келгенде, оның қалауы өнеркәсіпте жұмыс істеу болды. Жоқ, ол Қарметке бармайды, Қостанайға, өзі жұмыс істеген кәсіпорынға оралады. Ешкім Мәжілістен түңілген жоқ. Динара, керісінше, өте үлкен тәжірибе алғанын айтуда. Ең бастысы, ол Парламент парағын түбегейлі жапқан жоқ. Болашақта бұл тақырыпқа қайта оралуы мүмкін", - деп айтып өтті партия басшысы.
Еске сала кетсек, осыған дейін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Динара Шүкіжанованың өкілеттігін ресми түрде тоқтатқанын жазған болатынбыз.