Бейбіт Атамқұлов бірқатар елдің басшыларымен кездесті

879

Қазақстан Иорданиядағы Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысты.

Бейбіт Атамқұлов бірқатар елдің басшыларымен кездесті

Өлі теңіздің жағалауында "Ынтымақтастық үшін жаңа алаңды әзірлеу" тақырыбында Таяу Шығыс пен Сотлүстік Африка жөніндегі Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) 10-шы өңірлік форумы өтті. Форумның жұмысына Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов бастаған қазақстандық делегация қатысты.

Форумның аясында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы шет мемлекеттердің және халықаралық бизнестің өкілдермен бірқатар кездесулер өткізіп, ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

ДЭФ негізін қалаушысы және Атқарушы төрағасы Клаус Швабпен еліміздің осы жаһандық сараптау ұйымымен он бес жылдық әріптестігінің қорытындыларын талқыланды. ДЭФ-тің талқылау алаңдарында туындаған идеялар халықаралық сипаттағы маңызды шешімдердің негізіне жиі айналатынын атап өту қажет. Кездесу барысында Қазақстан мен ДЭФ арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейту жоспарына баса назар аударылды.

Министр Б.Атамқұлов пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Президенті Сума Чакрабарти арасында өткен кездесу барысында тараптар банктің қатысуымен алда Қазақстанда өтетін ірі іс-шаралар бойынша, оның ішінде ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) отырысы мен Астаналық экономикалық форум бойынша сағаттарын салыстырып тексерді.

Иордания Королі II Абдалланың қабылдауында ҚР сыртқы саясат ведомствосының басшысы елдің сыртқы саяси бағытының сабақтастығы бұрынғыша өзгермейтіндігін ерекше атай отырып, Қазақстанның ішкі саяси өмірінде болған маңызды өзгерістер туралы айтып берді.

Кездесу барысында Елбасы мен Король Абдалланың арасында қалыптасқан жылы қарым-қатынастар әр түрлі салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге себеп болғаны ерекше аталды. Ғарыш саласы мен кибер қауіпсіздік сияқты екі ел үшін жаңа салаларда екіжақты диалогты одан әрі кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Сонымен қатар, Форумның аясында Армения Президенті Армен Саркисянмен, Латвия Сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевичспен, Иордания Сыртқы істер министрі Айман Әл-Сафадимен кездесулер өткізілді. Онда Қазақстан мен осы елдер арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен оны кеңейту мәселелері талқыланды.

Бұдан басқа, Форумның аясында ритэйл, қаржы, агроөнеркәсіптік кешен, IT, тау-кен және металлургия секторы, логистика және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларда жұмыс істейтін Таяу Шығыс өңіріндегі (Иордания, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейт) ірі халықаралық компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізілді. Кездесулердің қорытындысы бойынша компаниялар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты және нақты жоспарларды талқылау үшін жақын арада Қазақстанға келуді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу