Қазақстанның сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов "Үндістан – Орталық Азия" диалогы шеңберінде Өзбекстанның СІМ басшысы Абдулазиз Камиловпен кездесті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.
"Біздің мемлекет басшысы аймақтық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Біздің елдеріміз Орталық Азияның интеграциялық үдерістерінде маңызды рөл атқарады. Біз Өзбекстанмен екіжақты қарым-қатынасты одан әрі алға жылжыту үшін барлық күш-жігерімізді саламыз", – деді Қазақстан СІМ басшысы кездесуде.
Сұхбаттастар 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылының табысты өткізілуін және 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылының аясындағы іс-шараларды белсенді бастауын атап өтті.
Бейбіт Атамқұлов сондай-ақ Қырғызстанның сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбековпен кездесті. Сауда-экономикалық ынтымақтастық, су-энергетикалық сектор, аймақтық және трансшекаралық ынтымақтастық, сондай-ақ екі мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Сол күні Бейбіт Атамқұлов Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары-сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен де кездесті.
Кездесу барысында аймақтық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар, саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынас мәселелерін қозғады.
Тараптар қазақстан-түрікмен өзара тиімді ынтымақтастықтың ілгерілемелі дамуын қанағаттанарлықпен атап өтті. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда тараптар сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиясының алдағы кезекті отырысының күн тәртібіне енгізу үшін ұсынылған бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Бейбіт Атамқұловтың Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен кездесуінде Қазақстан – Тәжікстан қатынастарының жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ алдағы іс-шаралар жоспары сөз болды.
Тараптар екі жақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Сироджиддин Мухриддин Қазақстанға Тәжікстанның дамуына көрсетіліп жатқан көмек пен қолғабысқа алғысын білдірді. Қазақстан – Тәжікстан мемлекетаралық қатынастар стратегиялық серіктестіктің жоғары рухына сай келетіні аталып өтілді.