ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов "KADEX - 2018" қару-жарақ және әскери-техникалық V халықаралық көрмесіне байланысты үндеу жасады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Министр 23-26 мамыры аралығында Астана қаласында өтетін "KADEX - 2018" қару-жарақ және әскери-техникалық V халықаралық көрмесі өтетінін хабарлай отырып, баршаны шараға шақырады.
Айта кетсек, бұл Қазақстан Республикасы қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қамқорлығында өтетін алғашқы көрме. Оған отандық және шетелдік қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен ғарыш саласының кәсіпорындары, жетекші конструкторлық бюро мен ғылыми-зерттеу институттары қатысады.
"Көрме қонақтары мен қатысушылар қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен ғарыш саласындағы кәсіпорындардың соңғы жетістіктері мен ғылыми әзірлемелерімен таныса алады. Көрмеде негізгі басымдық электронды жүйені дамытуға, байланыс және қару-жарақпен басқару жүйесіне, ақпараттық қауіпсіздікте заманауи шешімдерді іздеуге беріледі. Тәжірибе көрсеткендей, мұның бәрі өз кезегінде әскери-техникалық ынтымақтастықты, киберқорғаныс пен ғарыш кеңістігін игеруде әріптестік қатынасты дамытатын өзара тиімді келісімшарт жасаумен, келісімдер мен меморандумдарға қол қоюмен аяқталуы тиіс. Баршаңызды "KADEX - 2018" қару-жарақ және әскери-техникалық V Халықаралық көрмесіне қатысуға шақырамын", - делінген үндеуде.