Бейбiт жиналыс екі жағдайда тоқтатылады

919

Жиналыс өткізетін жер мiндеттi түрде орталықта орналасуға тиіс. 

Бейбiт жиналыс екі жағдайда тоқтатылады Фото: Мария Матвиенко

Сенат "Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасына түзету енгізді.

Сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, бейбіт жиналыс ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орын белгiлеу және оның санына қатысты мәселе күн тәртібіне қойылған. Талқылау барысында астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетiн қалалар мен олардың құрамына кiретiн аудандарда арнайы орындар мiндеттi түрде орталықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауға тиiс деген пікірге басымдық берілген. 

"Бұл жиналыстар мен митингiге қатысушылардың "көрiну, естiлу" және шараны өткiзу мүмкiндiгiн арттырады", – деді сенаттың жалпы отырысында Сәрсенбай Еңсегенов.

Сенатордың сөзінше, ұсыныс заң жобасының осы мәселенi реттейтiн 9-бабының 2-тармағына қосымша екiншi бөлiк ретiнде енгiзiлген. Бұған қоса заң жобасының бейбiт жиналыс өткiзуден бас тарту негiздерiн айқындайтын 14-баптың 1 тармағының 10-тармақшасын алып тастау ұсынылған. 

"Бiздiң ойымызша бейбiт жиналыс өткiзу кезiнде тiршiлiктi қамтамасыз етуге байланысты мәселелер арнайы орындарды белгiлеген кезде қаралып, ескерiлуi керек. Бейбiт жиналысты тоқтату негiздерi мен тәртiбi 18-бапта көзделген. Осы баптың 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес бейбiт жиналысқа қатысушылардың күш қолдану әрекетiн жасауы, сондай-ақ бейбiт жиналыс ұйымдастырушының бейбiт жиналысты ұйымдастыру және өткiзу тәртiбiне қатысты заң талаптарын бұзуы бейбiт жиналысты тоқтатуға негiз болады", – деді ол. 

Сәрсенбай Еңсегеновтің пікірінше, бұл – қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау және адамдардың құқығы мен бостандығын қорғаудың маңызды нормасы. 

"Қатысушы немесе қатысушылар тарапынан заңның бұзылуы жойылған жағдайда бейбiт жиналысты жалғастыруға мүмкiндiк беру дұрыс деген ойдамыз. Сондықтан жоғарыда аталған норманы алып тастау және 18-бапты жаңа 4 тармақпен толықтыру ұсынылады", – деді сенатор.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу