"Бейбітшілік кеңесінің" бірінші отырысына 30-дан аса елдің басшысы қатысады

Олардың арасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.

"Бейбітшілік кеңесінің" бірінші отырысына 30-дан аса елдің басшысы қатысады Фото: reuters

Вашингтонда өтетін жиынның басты тақырыбы Газадағы бейбітшілік мәселесіне арналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бейбітшілік кеңесінің" алғашқы отырысы қарсаңында Ақ үй басшысы әлеуметтік желісіндегі парақшасында былай деп пікір қалдырды. 

– Бейбітшілік кеңесінің әлеуеті зор. 19 ақпанда Вашингтондағы Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында мүше мемлекеттердің Газа секторын қалпына келтіруге 5 млрд доллардан астам қаржы бөлуге, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мыңдаған қызметкер тартуға міндеттеме алғаны хабарланады. Маңызды шарт – ХАМАС-тың толық әрі жедел қарусыздануы. Бейбітшілік кеңесі тарихтағы ең ықпалды халықаралық ұйымға айналады, – деді ол. 

Бейбітшілік кеңесіндегі Астананың рөлі туралы Еуразия бойынша сарапшы, саясаттанушы Ариэль Коэн 24.kz телеарнасына берген сұхбатында айтып өтті. 

Оның сөзінше, Қазақстан секілді Еуразияның дәл жүрегінде орналасқан, табиғи ресурстарға бай әрі геосаяси маңызы зор жаңа орта державалар жетекші рөлге шығып отыр. 

– Ал Испания, Грекия, тіпті Франция сияқты АҚШ-тың дәстүрлі еуропалық одақтастары Газа мәселесінде белсенділік танытпай отыр. Керісінше, Қазақстан, Индонезия, Түркия секілді елдер жауапкершілікті өз мойнына алып, іске кірісті. Қазақстан АҚШ-пен Таяу Шығыс бағытында ынтымақтастығын күшейтіп, Авраам келісімдеріне қосылды, сондай-ақ стратегиялық көлік дәліздерін дамытуда маңызды серіктеске айналды. Бұған қоса, ел уран саласында да шешуші ойыншы. Президент Тоқаевтың басшылығының арқасында Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестік бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді, – деді ол. 

Бұған дейін Трамп құрған "Бейбітшілік кеңесі" Газа секторына қомақты қаржы бөлуге дайын екенін жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу