"Бейбітшілік жоспары": Зеленский Ақ үй ұсынған жобаны қарауға алды

207

Бұл туралы Украина президентінің кеңсесі хабарлады.  

"Бейбітшілік жоспары": Зеленский Ақ үй ұсынған жобаны қарауға алды Фото: AP

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың Украина бойынша Бейбітшілік жоспарының жобасын алды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Президент кеңсесі жоспардың тармақтарымен жұмыс істеуге келісті. Бірақ, қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз.

"Украина Ресей шабуылының алғашқы секундтарынан бастап бейбітшілікке ұмтылуда және біз оны жақындата алатын барлық ұсыныстарды қолдаймыз. Жыл басынан бері президент Трамптың қантөгісті аяқтау туралы ұсыныстарын қолдадық. Америка тарапы, Еуропадағы және әлемдегі серіктестерімізбен сындарлы түрде жұмыс істеуге дайынбыз", – делінген Украина президенті кеңсесінің хабарламасында.

Келісімнің егжей-тегжейін Зеленский жақын арада АҚШ президенті Дональд Трамппен талқылауға ниетті.

Ақ үйдің жоспары бойынша, Киев Донбасты Ресейге беруге, сондай-ақ Запорожье мен Херсон облыстарындағы майдан шебін сол күйі қалдырып, әскер санын қысқартуы тиіс. Оның орнына Украина АҚШ пен Еуропадан қауіпсіздік кепілдіктерін ала алады. Бұл туралы 19 қарашада Axios басылымы жазды.

Reuters дереккөздерінің айтуынша, Ақ үй президент Владимир Зеленскийге Вашингтон әзірлеген 28 тармақтан тұратын құжатты қабылдау қажеттігін ашық жеткізген.

Трамп әкімшілігінің бейбітшілік жоспары 4 бағыттан тұрады:

  • Украинадағы соғысты тоқтату,
  • Киевке қауіпсіздік кепілдіктері,
  • Еуропадағы қауіпсіздік архитектурасы,
  • АҚШ-тың Ресей және Украинамен болашақ қарым-қатынастары.

Axios мәліметінше, жоспардың негізгі бөліктерінің бірі – Донбасты Ресейге беру. Украина қазіргі уақытта бұл аймақтың шамамен 14,5 пайызын ғана бақылауда ұстап отыр.

Ақ үйдің ішіндегі пікір бойынша, егер соғыс жалғаса берсе, Киев бұл аумақтарды бәрібір жоғалтады. Сондықтан "Украинаның мүддесі үшін" келісімді дәл қазір бекіткен тиімді деп есептейді.

Жоспарда Херсон және Запорожье облыстарында әскери қақтығыстарды тоқтатып, майдан шебін қазіргі қалпында бекіту ұсынылған.

19 қарашада Axios тағы бір маңызды ақпарат жариялады: АҚШ Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған жаңа жоспар бойынша Ресеймен құпия келіссөздер жүргізіп жатыр.

Құжатпен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф айналысып жатыр, ал жоспардың мән-мазмұны Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен талқылануда.

Әлемдік БАҚ жаңа жоспар Ресейдің мүддесіне сай жасалған деп сыни материалдар жазды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу