Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Бейнеу ауданына жұмыс сапары барысында аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық күніне 450-500 тұрғынды қабылдайды. 29 қызметкер 710 қызмет түрін көрсетеді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Бізде шалғайдағы елдімекендердің тұрғындарына анықтама беретін жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Мысалы орталықтан 50 шақырымдай жерде тұратын және келуге мүмкіндігі жоқ адамдарға қызмет көрсетеміз. Сонымен бірге біз қазір жұмыспен қамту органдарын халыққа қызмет көрсету орталығына көшіруге әрекет етіп жатырмыз. Бір айдың ішінде ақпараттық базада көшіріледі", – дейді Бейнеу ауданының ХҚКО директоры Бекберген Қылишаев.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірхановқа ХҚКО ғимаратында жұмыспен қамту органдарының және әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есептеу орталығының қызметкерлеріне жұмыс орындарын тез ұйымдастыруды тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірге жұмыспен қамту орталықтарын қайта форматтап жатқаны белгілі.
1 сәуірде берілген мәліметке жүгінсек, Бейнеу ауданының жұмыспен қамту органына 474 адам жүгінген. Оның 56-сы әлеуметтік жұмыс орындарына, 255-сі қоғамдық жұмысқа, 93-і жастар практикасына орналастырылған, ал 33-і жеке бизнес ашу үшін оқыту курстарына бағытталған.