Бейнеу ауданында алғаш рет аудан әкімінің сайлауы басталды

712

Маңғыстау облысында алғаш рет аудан әкімінің сайлауы өтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бейнеу ауданында алғаш рет аудан әкімінің сайлауы басталды Фото: Серік Маймеров

Бүгін, 5 қараша күні елімізде тұңғыш рет 42 аудан және облыстық маңызы бар 3 қаланың әкімін сайлау өтіп жатыр. Бұл пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Әкімдері сайланғалы отырған 42 ауданның бірі Маңғыстау облысына тиесілі

Бейнеу ауданы. Онда сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-де өз жұмысын бастады. Алдымен мемлекеттік Әнұран орындалды. Ауданда барлығы 30 сайлау учаскесі бар. Оның 17-і - Бейнеуде, қалған 13-і - ауылдық жерлерде орналасқан.

Комиссия құрамына 188 адам тартылған. Аудан бойынша 40 134 адам дауыс беру құқығына ие.

Бейнеу ауданы әкімінің сайлауында дауыс берушілердің қарасы қалың. Олардың қатарында Әсем Нағидуллақызы да бар. 18 жастағы тұрғын биыл алғаш рет дауыс беріп жатыр. Ол Бейнеу гуманитарлық колледжінің дене тәрбиесі және спорт мамандығының 3-курс студенті. Туған өлкенің өркендеу бағдарын айқындайтын сайлау жастар болашағы үшін де аса маңызды екенін ескеріп, өз қатарластарын дауыс беруге шақырды.

"Бүгінгі сайлауға қатысу Бейнеу ауданының әрбір тұрғынының міндеті деп білемін. Ауданымызды алға жетелейтін, болашақты сеніп тапсыратын басшымызды халық болып бірге таңдау қажет. Мен іскерлік әрі ұйымдастырушылық қабілетіне сенім артқан үміткерге өз дауысымды бердім", – деді Әсем Нағидуллақызы.

Бейнеу ауданы әкіміне 3 азамат үміткерлікке түсіп жатыр.

Бейнеудегі №121 сайлау учаскесінде халықтың дауыс беруі қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Молдахан Малбасов атап өтті. №121 сайлау учаскесінде 2 394 сайлаушы бар.

"Халықтың сайлауда белсенділігі өте жоғары. Қазірдің өзінде 25 сайлаушымыз келіп, дауысын берді. Аудан әкіміне үміткер үш кандидатымыз бар. Сайлау учаскесінде екі сенімді өкіл, екі байқаушы бар. Қазір сайлау барысын қадағалап, бақылап отыр", – дейді №121 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Молдахан Малбасов. 

Ауданда барлығы 30 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Дауыс беру сағат 20:00 дейін жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу