Бейнеудегі оқушылардың улануы: Тексеріс нәтижесі белгілі болды

431

9 жуынды үлгісінен ішек таяқшасының бактериялары табылған.

Бейнеудегі оқушылардың улануы: Тексеріс нәтижесі белгілі болды Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында оқушылардың жаппай улануынан кейін жүргізілген тексеріс нәтижесі жарияланды, деп жазады inbusiness.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхтар Сербаевтың мәліметінше, орта мектептегі тағам блогына жүргізілген зерттеу барысында 10 қызметкердің бірінен стафилококк бактериясы табылған. Сондай-ақ, 2 қызметкер міндетті медициналық тексеруден өтпеген.

"Лабораториялық тексерулер дайын тағамдардың 6 үлгісінен зиянды бактериялар бар екенін көрсетті. Тексеру кезінде қоймаларды мақсатсыз пайдалану фактілері тіркелген. Мәселен, көкөністерге арналған қоймада астық дақылдары сақталған", – деді Сербаев.

Мамандардың айтуынша, асханада уақытылы ылғалды тазалау жүргізілмеген, қабырғаларда жарықтар болған. Мұның бәрі санитарлық талаптарға сай келмейді.

"Барлық материалдар полицияға жолданды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастау туралы шешім қабылданады. Қазір асхана жабық, балалардың барлығы сабақта", – деді Мұхтар Сербаев.

Айта кетейік, 3 сәуір күні Бейнеу ауылындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары улану белгілерімен ауруханаға түскен еді. Олар – 2, 3 және 5-сынып оқушылары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу