Бейрут: қаза тапқандардың саны 78-ге жетті

722

Жарылысқа нақты не түрткі болғаны әзірге белгісіз.

Бейрут: қаза тапқандардың саны 78-ге жетті

Ливан астанасы Бейрутта орналасқан порттағы жарылыстан ажал құшқандардың саны 78-ге жетті. Бұл туралы Reuters басылымы хабарлады. 4000-нан астам түрлі деңгейде жарақат алған. 

Жергілікті биліктің айтуынша, құрбандардың саны әлі де өсуі мүмкін. Өйткені із-түзсіз жоғалып кеткендер көп. Қазір қирандылардың астында қалып қойғандарды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

Қайғылы оқиға 4 тамыз күні Бейрут портында болды. Қаладағы ғимараттардың жартысына жуығы қирап қалған. Ауруханалар жарақат алғандарға лық толы. 

Жарылысқа нақты не түрткі болғаны әзірге белгісіз. Ливан премьер-министрі Хассан Диябтың сөзінше, портта 6 жыл бойы 2750 тонна аммиак селитрасы дұрыс сақталмаған, қауіпсіздік шаралары ескерілмеген екен. Ол жарылысқа жол берген не ұйымдастырған адамдар табылып, тиісті жазасын алатынын мәлім етті. 

Апатқа байланысты Ливанда үш күндік аза тұту жарияланды. Ел президенті Мишель Аун үкімет мүшелерін шұғыл отырысқа жинап, екі аптаға төтенше жағдай режимін жарияламақ. 

Ескере кететін жайт, Қазақстаннның Бейруттағы елшілігінің ғимаратына да жойқын жарылыстан зақым келген.Ресми дерек бойынша, жарылыс болған сәтте қазақстандық дипломаттардың барлығы дерлік жұмыс орнында болмаған, үйлеріне кеткен. Бірақ сол ғимаратта қалып қойған бір қазақстандық консул жеңіл жарақат алды.

Қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігі Ливан аумағындағы отандастарымыздың зардап шеккені не шекпегені туралы ақпаратты тексеріп жатыр. 

Табиғат Нұрболат

Фото: businessinsider.com

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу