ЦАХАЛ топтың миллиондаған долларлары мен алтын құймалары сақталған бункерді тапқанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Израиль барлау қызметі Ливанда бұрын өлтірілген Хезболла жетекшісі Хасан Насралланың бункерін тапты. Бұл туралы ЦАХАЛ өкілі Дэниел Хагари мәлімдеді.
Қорғалатын нысан Бейруттің оңтүстігіндегі ауруханалардың бірінің ғимаратының астында орналасқан. Ұзақ уақыт тұруға арналған үй-жайларда жүздеген миллион доллар мен алтын құймалары сақталғаны айтылады.
Армия сонымен қатар Тегеран "Хезболла" тобына қаржы аудару үшін Бейруттегі Иран елшілігіне ұшақпен ақша жібергенін алға тартады.
"Хезболланың қаржылық құрылымы екі негізгі табыс көзіне негізделген. Иран режимінің ақшасы және Ливан халқының ақшасы. Иранның "Әл-Кудс" күштері Хезболлаға Сирияға сатылатын ирандық мұнайдан түскен қаржыдан ақша аударады. Иран сондай-ақ қолма-қол ақша мен алтын салынған чемодандарды ұшақпен Бейруттағы Иран елшілігіне жібереді, содан кейін ақша тікелей Хезболлаға түседі", – деді ЦАХАЛ баспасөз хатшысы Даниел Хагари.
Хагари Израиль әскери-әуе күштерінің әзірге бункер табылған ауруханаға соққы беру ниеті жоқ екенін атап өтті. 20 қазанда Израиль армиясы "Хезболла" ұйымының қаржылық нысандарына алдағы шабуыл толқыны туралы хабарлады.