Бейжің-2022: Ақ олимпиада туралы маңызды бес дерек

1083

Бейжіңдегі ақ Олимпиаданың басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Төртжылдықтың ең ірі спорттық жарысы осымен 24-рет өткелі отыр. 

Бейжің-2022: Ақ олимпиада туралы маңызды бес дерек

ҰОК сайтында қысқы ойындар туралы қызықты деректер жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қытай қысқы және жазғы Олимпиаданы қабылдаған алғашқы мемлекет болмақ. Осы орайда, Олимпиада кезінде жаңа нысандардан бөлек, 2008 жылғы жазғы ойындарға қолданылған спорттық нысандар да қолданылады. Мәселен, Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаты "Құс ұясы" ретінде танылған Бейжіңнің ұлттық стадионында өтеді. 2008 жылғы жазғы ойынның салтанатты шаралары да сол кешенде өткен болатын. 

Олимпиада бағдарламасына енген жаңа жарыс түрлерін айтқанда гендерлік теңдікті де атап өту қажет. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының бағдарламасын жеті жаңа жарыс түрі қосылды. Атап айтар болсақ, шорт-тректен аралас эстафета, шаңғы акробатикасынан, шаңғымен тұғырдан секіруден және сноуборд-кросстан аралас командалық турнир, фристайлдан ерлер мен әйелдер арасындағы биг-эйр, сондай-ақ, монобобтан әйелдер арасындағы бәсекеден жүлделер таратылады. Қосымша жарыс түрлері арқылы қысқы ойындар тарихында алғаш рет гендерлік баланс сақталмақшы. 2018 жылғы ойынмен салыстырғанда, әйелдер саны 45 пайыздан асады. 

Бейжің Олимпиадасының жарыс күнтізбесіне тоқталайық. Ойынның ашылу салтанаты 4 ақпан күні, жабылуы 16 ақпанда өтеді. Бәсекелер ресми түрде ашылу салтанатынан екі күн бұрын басталып кететінін ескертеміз. Сонымен қатар, жарыстар түбегейлі 20 ақпанда аяқталады. Соңғы жарыс күнінде бобслей, керлинг, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау мен хоккейден жеңімпаздар анықталады. 

Сондай-ақ, Бейжіңдегі Олимпиада және Паралимпиада ойындарына арнап салынған 12 спорттық нысанның барлығы да аяқталды. Үш олимпиадалық ауыл, басты медиа-орталық, ұлттық стадион және өзге де нысандар қолданысқа берілді. Осылайша, Олимпиаданың басталуына екі айдан аса уақыт қалғанда Бейжің қаласы қысқы ойындарды қабылдауға толық дайын болды. 

Атлеттердің өміріндегі ең есте қаларлық сәттердің бірі – марапаттау рәсімі. Бейжің Олимпиадасын ұйымдастырушылар бұл сәттің керемет өтуіне бар жағдай жасап отыр. Қаңтар айының басында марапаттау рәсімінің атрибуттары таныстырылды. Таныстырылым аясында көпшілікке гүлдер, тұғыр мен марапаттаушылардың киімдері көрсетілді. Айта кетелік, Олимпиада жеңімпаздары гүлден бөлек арнайы тапсырыспен дайындалған ойынның бойтұмарын да сыйға алады.

Алдағы Олимпиада ойындары жарқын сәттерге толы болмақ. Олардың қатарында #teamKZ спортшылары да бар. Қазіргі таңда олар рейтингілік ұпай жинауда. Олимпиадаға қатысатын спортшылардың тізімі лицензиялық турнирлер толық аяқталған соң анықталады. Ал біз өз кезегімізде спортшылармен таныстыруда бастаймыз. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу