ҚР ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков тікелей эфирде қазақстандық спортшылардың Олимпиада ойындары басталғалы бері көрсеткен нәтижелерін қорытындылады, деп жазды inbusiness.kz.
"Біз жаңа ғана конькимен жүгіру жарысынан оралдық. Онда спортшыларымыз Екатерина Айдова мен Надежда Морозова 1500 метр қашықтықта жарысты. Өздеріңіз білетіндей, фристайл-могул командасы бұған дейін де бақ сынаған болатын. Кешегі нәтиже, әрине, біз үшін қиын болды. Юлия Галышева 11-ші, Анастасия Городко 21-ші, Аяулым Әмренова 22-ші, Олеся Граур 28-ші, Дмитрий Рейхард 8-ші, Павел Колмаков 11-ші орында тұр", – деді Андрей Крюков тікелей эфир барысында.
ҚР ҰОК Бас хатшысы атап өткендей, 6 ақпан шорт-трек құрамасы аралас эстафетада бесінші орынды иеленді.
"Бұл өте жақсы нәтиже деп саналады. Спортшыларымыздың осындай салмақты нәтиже көрсеткеніне қуаныштымыз. Шорт-трек өте қиын спорт. Біздің спортшылар бұл нәтижелерге жету үшін қанша еңбектенетінін білеміз. Сондықтан бұл додаға ризамыз. Басқа сайыстарға келетін болсақ, бәрі жоспар бойынша өтеді", – деп қосты Андрей Крюков.
Бұған дейін хабарланғандай, биатлоншы Галина Вишневская-Шепоренко 2022 жылғы Олимпиада ойындары аясында жекелей жарыста өз өнерін аяқтады. Бүгін сондай-ақ конькимен жүгіруден Қазақстан атынан Надежда Морозова мен Екатерина Айдова 1500 м қашықтықта өнер көрсетті.
Құралай Құдайберген