Қытай астанасы Бейжің қаласында 4-ші Бүкіләлемдік медиа саммиті өтті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
"COVID-19 індеті кезіндегі БАҚ-тың даму стратегиясы" тақырыбымен өткен жиынға ірі медиа ұйымдардың басшылары, атап айтқанда Associated Press, Yonhap News, Agence France-Presse, the Hindu Publishing Group, Kyodo News, Reuters ақпараттық агенттігі, Ресейдің ТАСС ақпараттық агенттігі, Aljazeera, ANSA медиа-желісі, Yahoo Finance, RT, Saudi Press Agency, l'Opinion, Синьхуа және басқа да шетелдік БАҚ өкілдері қатысты. Шарада БАҚ-ты дамыту, медиа маркетинг, БАҚ-тың жаһандық дамудағы рөлі сияқты мәселелер талқыланды.
Саммитте Saudi Press Agency президенті Фахад Хасан Әл Арган: "COVID-19 пандемиясы медиа индустрияға айтарлықтай әсер етті. Бұқаралық ақпарат құралдары қиындықтарға тап болды және сондықтан біз нақты стратегияны бекітуіміз керек. Жалған ақпаратқа қарсы тұру үшін медиа ұйымдар өздерінің саясаты мен стратегияларын өзгертуі қажет", – деді.
Латын Америкасындағы Prensa Latina ақпараттық агенттігі жалған ақпаратқа тосқауыл қою және коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалану саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды. Prensa Latina төрағасы Луис Энрике Гонсалес жаңа одақтар құру, байланысты нығайту керектігін алға тартып, "жалған жаңалықтармен" күресу үшін үшін нақты ақпаратпен алмасу қажеттілігін атап өтті.
Бүкіләлемдік медиа саммитін Синьхуа, News Corporation, Associated Press, Reuters, Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігі, Kyodo News және BBC сияқты ірі медиа ұйымдар бірлесіп құрған еді.
Синьхуа ұйымдастырған алғашқы жиын 2009 жылы Бейжіңде өтті. Екіншісі 2012 жылы Мәскеуде, ал үшіншісі 2016 жылы Доха қаласында болды.
Айта кету керек, "ATAMEKEN BUSINESS" 2019 және 2020 жылдары Синьхуа агенттігі және Ergeng Cultural Media (Beijing) Co. Ltd компаниясымен бірлесе "Сәлем, Қазақстан" деп аталатын бағдарламалар циклін шығарған еді. Бұл бағдарламалар Қытайда түсірілген. "Сәлем Қазақстан" – бұл жаңа бизнес мүмкіндіктерге арналған деректі фильмдер топтамасы. Бұл фильмдердің түсірілімі келесі жылы да жалғасуы мүмкін.
Табиғат Нұрболат