Бейжіңде отандық 20 компанияның ауылшаруашылық өнімдері таныстырылды

1248

Бейжіңде отандық 20 компанияның ауылшаруашылық өнімдері таныстырылды

Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі саласындағы қазақстандық 20 тауар өндіруші компания Қытай астанасында өз тауарларын таныстырса, 10 компания өздерінің инвестициялық жобаларын ұсынды, деп хабарлады Атамекен КҰП.

Олардың арасында Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы аясында жүзеге асырылып келе жатқан агроөнеркәсіптік кешен, металлургия, тамақ өнеркәсібі, қалдықтарды қайта өңдеу салаларындағы жобалар бар. Таныстырылымға Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының компаниялары да қатысты.

Қазақстандық қонақтарға, өз кезегінде, 120-дан астам қытайлық компания өз өнімдерін таныстырды. Олардың қатарында сауда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін шығару, металлургия және тағы басқа салалар бар. Компаниялар Бейжің, Шандунь, Хэнань провинциялары мен Ішкі Моңғолия, СУАР және Шаньси аймақтарына тиесілі. 

Қазақстандық тауар өндірушілер қытайлық әріптестеріне балық, ет, сүт өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ, қымыз, құрт, айран және ашытқы, бал, ұн және макарон өнімдерін, ас әзірлеу үшін пайдаланылатын май және басқа да өнімдерді насихаттады.

Ауыл шаруашылығы өнеркәсібі және сауда палатасы, өнеркәсіп және сауданың жалпықытайлық федерациясының төрағасы Ван Цзюньхаоның айтуынша, "Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару және өңдеу саласы бойынша тығыз ынтымақтастық орната алады. Қытай тұрғындарының қазақстандық тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысы жоғары, сол себепті, Қытай нарығын жаулап алуға қазақстандық тауар өндірушілердің мүмкіндігі жетеді".

Таныстырылымнан кейін, екі елдің компаниялары "В2В" сипатында кездесулер өткізді.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу