Бекболат Тілеухан Мәжілістен кетерде "ешкімді қарғамай" ма?

2402

Экс депутат "мемлекетке пайдасы көбірек тиетін жерге" баруды міндет көреді. Ол бұл орында кем дегенде 15 жыл отырған. Ендігі жұмысында, өзінің айтуынша, Ыстамбұл, Баку және Нұр-Сұлтан қалаларында жүреді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бекболат Тілеухан Мәжілістен кетерде "ешкімді қарғамай" ма?

"Қадірлі әріптестер! Қадірлі Нұрлан Зайроллаұлы! Асыра мақтап айтыпсыз. Бірақ осы асыра мақтауға лайықпын ба дегенге күмәнім бар. Дегенмен ағалық ниетіңізге, әріптестік көңіліңізге шын жүректен алғыс білдіремін. Сіздермен жұмыс істеген сәтім – өмірімнің бір белесі, кезеңі. Тайымда танып, тұлпардай қылып қосқан әуелі Елбасыма рахмет! Нұрағамыздың бастаған жолын ары қарай жалғастырып жатқан, мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының осы қамқорлығына, марапаттарына шексіз алғысымды білдіремін. Сіздермен істеген кезең, Парламент қабырғасындағы өмірім өте бір сәтті кезең деп білем. Қай жерде мемлекетке пайдам көбірек тиеді – сол жерде болғанды міндет деп танып, өмірдің келесі кезеңіне қадам басып жатырмын. Біраз жұмыс істедік. Артық-ауыз сөзім мен жаза басқан кезім болса, кейбір әріптестерімнен кешірім сұраймын, ғафу өтінем", - деді Бекболат Тілеухан.

"Қазақ дейтін ұлттың тілінің, мәдениетінің, тарихының, ғылымының, руханиятының, салт-дәстүрінің Қазақстан Республикасынан басқа барар-жер, басар тауы жоқ. Қазақ бір шабуылшы жұрт емес, қорғанушы жұрт. Тарихта есесі кеткен жұрт. Осы нәрсені естеріңізде болып, есіркей қараған, парасат көздеріңіз, анау жүректеріңіздің түкпірінде тарихи санамен, мемлекетшіл оймен, әрқашан жүректеріңіздің түкпірінде тұрса екен деген депутат ретінде емес, сайлаушы ретінде бір аманатым бар. Өтінішім бар. Істеріңізге береке тілеймін. Тәңірдің рақымы болсын, сіздерге! Ассалаумағалейкүм. Рахмет!" - деді ол.

Кулуарда тілшілер: "Депутат ретіндегі жетістігіңіз не?", "Орыныңызды қимай тұрсыз ба?", "Қызметтен кетуге ешкім мәжбүрлемеді ме?" деген сұрақтар қойды.

"Мен ешқашан шынайылықты бұзған жоқпын. Ұлттың алдында өтірік айтқан жоқпын. Бұл – ойланып барып қабылданған шешім. Қыркүйектің аяғында Түрік парламенті ассамблеясы болды ғой, сол кезде ұсыныс келген. Содан іштей пісірдім. Ешкім бұл жерден кетуге мәжбүрлеген жоқ. Ал қимай тұрсыз ба деген сұраққа келсек, адам мектепті бітіреді ғой, бұл сол секілді. Мектепті бітіргеннен кейін қалшы десе, қаласыз ба?" – деді ол.

"Мәжілістен кетіп барасыз, ешкімді қарғамайсыз ба?" деген тілшілердің бірінің сұрағына ойланып барып "жоқ" деді.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу