"Аса мәртебелі, Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында елге еңбегі сіңген азаматтармен бірге өз қолыңыздан марапатқа ие болуым зор қуаныш, үлкен мәртебе, қала берді үлкен сенім, ерекше жауапкершілік деп білдім. Елбасы іргесін қалап, қабырғасын тұрғызған мемлекеттің өрнегін айшықтап, бау-бақшасын жайнатып, қақпасын қатайтып жатырсыз, Қасаға! Адамзат абыржыған, дүниенің бір дидары бұзылыңқырап, кейбір құндылықтар артқа ысырылып, әлемді популизм жайлап, аптасы айға, айы жылға татитын қарбалас, алмағайып кезеңде Алаш жұрты ажыржымаса керек-ті. Су ағады, тас қалады, дұшпан кетеді, дос қалады. Күрделі кезең артта дегенмен жауапты кезең алда екенін меңзедіңіз Қасым-Жомарт Кемелұлы. Тәуелсіздігіміздің баяндығы, еліміздің берекесі жолында Нұрағаң салған нұрлы жолмен бастай беріңіз, соны қасқа жолға ұластырыңыз. Ерте білу сізге серт, ере білу бізге серт. Екі тізгін бір шылбыр қолыңызда! Жаратқан жар болсын. Мереке құтты болсын. Тағы да алғыс айтам", – деді Бекболат Тілеухан.
Айта кетейік, Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар Қазақстан азаматы мемлекеттік марапат иеленді.
"Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, мәдениет және ғылым қайраткерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар", – деп жеткізді Ақорда.