Қазақ кәсіпқой боксшысы Бекман Сойлыбаев келесі жекпе-жегін 29 сәуір күні венесуэлалық Самуэль Гонсалеске қарсы өткізеді, деп хабарлайды vesti.kz.
Өз елінде "Эль Пана" деген атпен танымал Самуэль Гонсалес кәсіпқой бокста 17 жекпе-жек өткізіп, оның 13-інде жеңіске жеткен. Тоғызын нокаутпен жеңген. Соңғы айқасын өткен жылдың желтоқсанында мексикалық Хулио Барразаға қарсы өткізіп, 8-раундта айқын басымдықпен ұтқан.
Бекман Сойлыбаев пен Самуэль Гонсалес арасындағы айқас Мексиканың Росарито қаласында "Канело" мен Хулио Сезар Чавестің туған ағалары Рамон Альварес пен Омар Чавес арасындағы жекпе-жектің андеркартында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, WBC EPBC және WBA NABA чемпиондық белбеулерінің иегері Бекман Сойлыбаев бүгінде танымал жаттықтырушы Эрик Браунның қарамағында Лос-Анджелесте жаттығып жүр. Кәсіпқой бокста 10 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.