Бектас Бекназаров: Реформалардың санын ғана емес, сапасын арттыру керек

974

Шетел тәжірибесі мемлекет мүддесіне қаншалықты сай екені пысықталуға тиіс.

Бектас Бекназаров:  Реформалардың санын ғана емес, сапасын арттыру керек

Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке осылай деді. 

Бектас Бекназаровтың сөзінше, білім саласына шетел тәжірибесін енгізуде асығыстыққа жол беруге болмайды. 

"Шетел тәжірибесінде барлығы дұрыс деп кім кепілдік бере алады? Әр мемлекеттің өзінің тиісті құрылымы, заңы, ділі мен ерекшелігі, талаптары бар. Шетел тәжірибесі қаншалықты біздің мемлекеттің мүддесіне сай?  Осыған ерекше назар аударылуы керек. Мысалы, Жапонияда 12 жасқа дейінгі баланы мектепте тек жапон тілінде оқытады. Соның арқасында жапон тілі өз деңгейін жоғалтпай келе жатыр", – деді ол.

Сенат төрағасы орынбасарының пікірінше, шетел тәжірибесін ұсынардың және қолданысқа енгізердің алдында мемлекетіміздің мүддесіне қаншалықты сай келетінін пысықтап алу қажет.

"Асхат Қанатұлы, өзіңіз басшылық жасайтын білім және ғылым саласындағы реформалардың санын ғана емес, сапасын арттыру керек. Кез келген реформаның тиімділігіне баса назар аудару қажет. Пайдалы әрі ұтымды бағыттары қандай? Осы сұрақтарға нақты жауап болуға тиіс. Қандай да бір реформаны іске асырмас бұрын, алдын ала және жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, оны қоғамдық талқыға салу керек. Білім саласының жағдайына қоғам қандай баға беріп жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Қоғам үшін өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, яғни осындай маңызды мәселелерде асығыстық жасауға болмайды", – деді Бектас Бекназаров.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу