Премьер-Министр Олжас Бектенов барлық мемлекеттік органға инвестициялық жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыруды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Әкімдер мен министрлер белсенді жұмыс жүргізсе, кейбір салалар мен өңірлердегі экономикалық көрсеткіштер бұдан әлдеқайда жоғары болатын еді. Артта қалған салаларды жеделдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, күнделікті мониторинг жүргізу керек. Әкімдіктер өңдеу өнеркәсібін қолдауға, сондай-ақ құрылыс пен сауданы ынталандыруға баса назар аударуы қажет. Мұнда үлкен резервтер бар. Инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде қаржылық тәртіпті қатаң қамтамасыз ету керек", - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов барлық мемлекеттік орган инвестициялық жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыруды мақсат етуге тиіс екенін баса айтты.
"Көріп отырғанымыздай, инвестиция тарту деңгейі төмендеп барады. 11 өңір негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізген жоқ. 11 салада инвестиция тарту көрсеткіші өте төмен. Олардың ішінде туризм, ақпарат және байланыс, резеңке және пластмасса бұйымдары, химия өнеркәсібі және азық-түлік өнімдерінің өндірісі бар. Салалық министрліктер мен әкімдіктер өнімді сату нарықтары мен экспорттық тауарларды кеңейту үшін кәсіпкерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетуге тиіс. Өндірістерді Қазақстанға көшіру үшін шетелдік кәсіпорындарды іздеп тауып, осында орналасқан өндірістерде локализацияны арттыруға жәрдемдесу керек", - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы жыл соңына дейін негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша нысаналы индикатордың орындауын қамтамасыз етуді тапсырды.