ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Хирошима префектурасының губернаторы Хидехико Юзакимен гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Онда сауда-экономикалық ынтымақтастықты қоса алғанда, екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ гуманитарлық бастамалар мен жаһандық қауіпсіздікті нығайту жолында бірлесе күш жұмылдыру жайы талқыланды.
Бұл бағытта ел Үкіметі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген міндеттерді дәйекті түрде жүзеге асыруда. Кездесу барысында Хирошима префектурасы мен Абай облысы арасындағы байланысты одан әрі нығайту жайы қаралды.
"Хирошима-Семей" бастамасын жалғастырудың, сондай-ақ Mayors for Peace халықаралық қозғалысы аясында білім алмасудың маңыздылығы атап өтілді. Тараптар Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) алда өтетін Шолу конференциясы шеңберінде одан арғы өзара іс-қимылға әзір екендіктерін білдірді.
Хирошима префектурасының губернаторы ядролық қаруды таратпау мәселелерінде Жапония мен Қазақстанның ынтымақтастығы аса маңызды екенін атап өтті.
– Біз Қазақстанның халықаралық аренадағы қолдауын жоғары бағалаймыз. Сапарымыздың бір мақсаты – достықты нығайту. Екі елде де ядролық қару салдарынан жиналған мол тәжірибе бар. Біз Хирошималықтар өзімізді маңызды миссиямыз бар жандармыз деп санаймыз, ол – әлемді ядролық қарудан азат ету жолында тынымсыз еңбек ету. Қазақстан – Ядролық қаруды таратпау туралы қозғалыстың Орталық Азиядағы мүшесі, – деді Хидехико Юзаки.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Қазақстан радиациядан зардап шеккендерді медициналық және әлеуметтік қолдау, сондай-ақ радиациялық медицина саласындағы технологияларды әзірлеу және енгізу сияқты бағыттар бойынша Жапониямен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылады.
– Біз Жапония Үкіметіне Семейдегі ядролық сынақтар салдарымен күресу үшін өтеусіз грант беру ниетіне алғыс білдіреміз. Бұл бастама медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға орнықты түрде ұзақмерзімді әсер ететініне сенімдіміз, – деді Олжас Бектенов.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы $1,8 млрд-ты құрады. Қазір Қазақстанда 60-тан астам жапондық компания табысты жұмыс істеуде.
Соңғы 20 жылда жапон бизнесі ҚР экономикасына шамамен $8,3 млрд инвестиция салды. Toyota, Hitachi, Marubeni және басқа да компаниялармен ірі жобалар жүзеге асырылды.