Премьер-министр Олжас Бектенов құрылыс саласында импорттық материалдардың үлесі жоғары екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде мұнай-газ химиясы өнімдерін өңдеу деңгейі төмен екенін атап өтті. Аталған сала өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа бағыттарды дамытуға негіз болуға тиіс. Энергетика және Өнеркәсіп министрліктеріне "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, кейін отандық компаниялардың өңдеуіне қажетті ішкі нарыққа қолжетімді полимер шикізатын жеткізудің ашық әрі тұрақты шарттарын қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Өнеркәсіп министрлігіне полимер өнімдерін одан әрі өңдеуге арналған жобалардың нақты пулын ұсынуды тапсырды.
"Құрылыс саласы дәстүрлі түрде өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Алайда, бұл салада, әсіресе нысандарды жеке қаржы көздерінің есебінен салу кезінде импорттық құрылыс материалдарының үлесі жоғары болып отыр. Өнеркәсіп министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ірі нысандарды, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық материалдардың үлесін тұрақты түрде қадағалап отыруды тапсырамын", – деп атап өтті Премьер-министр.