Бектенов Қырғыз Республикасының премьер-министрімен кездесті

203

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы осы жылдың 8 айында 21%-ға өсіп, $1,4 млрд-ты құрады.

Бектенов Қырғыз Республикасының премьер-министрімен кездесті Фото: primeminister.kz

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Астанаға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің 13-ші отырысы шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту әлеуетіне тоқталды. Сауда, өнеркәсіп кооперациясы, инвестиция, энергетика, су саласы, АӨК, көлік-логистика, туризм және тағы басқа да салалардағы өзара іс-қимылға назар аударылды. 

"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың жеке қолдауы мен саяси ерік-жігерінің арқасында  соңғы жылдары қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігі жаңа серпінге ие болды. Бұл тұрғыда, біздің ортақ мақсатымыз – екі ел көшбасшыларының берген тапсырмаларын толық орындау және көпқырлы ықпалдастықты одан әрі кеңейту. Қырғызстан – біз үшін тату көрші, бауырлас ел ғана емес, сонымен қатар маңызды сауда-экономикалық серіктес мемлекет. Қазақстан Үкіметі ортақ мүдделерімізге сай келетін мақсаттарға бірлесіп атсалысуға дайын", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

"Мемлекеттер басшыларының бірлескен күш-жігері Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті сапалы жаңа деңгейге көтерді. Екіжақты байланыстарды дамытуға Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Астанаға және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекке ресми сапарлары барысында қол жеткізілген маңызды келісімдер ықпал етті. Үкімет алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін бар күш-жігерін салады", – деп атап өтті Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев.

Отырысқа қатысушылар Үкіметаралық кеңестің алдыңғы отырысында қабылданған бірлескен шаралардың жүзеге асырылу барысын қарады. Энергетика және сумен жабдықтау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимылға назар аударылды.

АӨК саласындағы өсудің жаңа бағыттары белгіленді. Биылғы 8 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда көлемі 42%-ға өсіп, $326 млн-ды құрады, оның 80%-дан астамы – Қазақстаннан шығатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты.

Тау туризмі – ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарының бірі. Екі ел аумағында орналасқан Хан Тәңірі шыңында тау туризмі бағыттарын жандандыру мәселелері талқыланды.

Биыл Бішкекте мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл аясында бірқатар іс-шара өтті, оның ішінде Қазақстандық кино күндері, ҚР халық әртісі, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған концерт және тағы басқа да іс-шаралар бар. Көрнекті жазушылар Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған "Қазақ-қырғыз достығының алтын көпірі" ескерткіші мәдениетаралық диалогтің символына айналды.

Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері ынтымақтастықтың барлық негізгі бағыты бойынша екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады.

Жиын соңында Қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесінің 13-ші отырысы хаттамасына қол қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу