Олжас Бектенов: Сирек кездесетін металдар өндірісін дамытуға басымдық беріледі

122

Пайдалы қазбаларды өндіру саласында инвесторларға қолайлы жағдай жасау – Үкіметтің басым міндеті. 

Олжас Бектенов: Сирек кездесетін металдар өндірісін дамытуға басымдық беріледі Фото: Үкімет

Бұл туралы GECA 2026 халықарлық геологиялық форумының жалпы отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Саланың алдында тұрған басым бағыттардың бірі – сирек кездесетін металдар өндірісін дамыту. Еліміз жаһандық өндіріс тізбегінде маңызды рөл атқаратын аса қажетті минералдардың қомақты қорына ие. Атап айтсақ, өткен жылы церий, неодим, иттрий және басқа да сирек металдардың 800 мың тоннаға жуық қоры бар "Құйрықтыкөл" ірі кен орны ашылды. Біздің геологиялық ресурстарымыз техногендік минералдық түзілімдердің есебінен де кеңейіп келеді. Оларды игеру өндіріс үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр су ресурстарын басқаруды да ерекше бағыттардың бірі ретінде атап өтті.

– Еліміздің жерасты суларының барлық кен орындарын түгендеу бойынша ауқымды жұмысты бастадық. Бұл орайда, табиғи байлықты қорғау, таза ауа мен су қорын сақтау, қолда бар ресурстарды ұқыпты пайдалану – бәріміздің қастерлі парызымыз. Бүгінгі және келешек ұрпақтың әл-ауқаты да тікелей осыған байланысты, – деді ол.

Үкімет басшысы бүгінгі Форум геология үшін ғана емес, экономиканың басқа салалары бойынша да бірлескен шешімдерді әзірлеп, серіктестік қатынастарды нығайту бағытында өзекті алаң екенін баса айтты.

– Қазақстан – минералдық шикізат ресурстарына бай ел. Пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және оны өңдеу саласында инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау – Үкіметтің басым міндеті болып қала бермек, – деді Премьер-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу