Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдіктеріне халыққа қажетті көмірдің тұрақты бағамен қолжетімді болуын бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі таңда барлық өңірде жылу беру маусымы басталды. Жаз айларында жабдықтарды, жылу мен электр желілерін жөндеу шаралары қабылданды. Тұтынушыларға жылу кестеге сәйкес берілді. Бірақ жылудың сапасына наразы немесе жылусыз қалған тұрғындар тарапынан шағымдар да келіп түсуде. Олардың ішінде Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындары бар", – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Үкімет басшысы өңір әкімдеріне жылу беру маусымына жауапты өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, халықтың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырды.
Оның айтуынша, қыс айларындағы жұмыстарға авариялық бригадалар мен арнайы техниканы толық жұмылдыру қажет.
"Сонымен қатар өңір әкімдіктері халыққа қажетті көмірдің тұрақты бағамен қолжетімді болуын бақылауда ұстасын. Энергетика министрлігі мен өңір әкімдіктері энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес аяқтап, қажетті жабдықтар резервін әзірлеуге тиіс. Жылыту маусымында халықты тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Әлеуметтік нысандарды ерекше назарда ұстаңыздар", – деп атап өтті ол.
Айта кету керек, бұған дейін елімізде жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатқанын жазғанбыз.