"Бекзат" көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Картина Сидней Олимпиадасының чемпионы марқұм Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы суреттейді.
Картинаның режиссері Мұрат Бидосов, ал сценариін Сержан Закерұлы жазған.
Фильмнің сюжеттік желісінде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады: балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. 90 жылдардың басындағы қиын-қыстау заманға тап келген Бекзаттың балалығы көп қиындықтармен өтеді. Түркістан қаласындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әр бір сәтте сыналып отырады.
Фильмнің түсірілім жұмыстары Түркістан, Алматы және Ыстамбұл қалаларында өткен. Басты рөлді жас актер Самат Әзімқұлов ойнайды. Ол 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған. Сонымен қатар Ғалымбек Оспанов, Мұрат Жарылқасынов, Майра Мақұлбекова, Дулыға Ақмолда, Қуаныш Мұқатай, Бақдаулет Шаймахан және басқа да актерлер ойнаған.
Толық метрлі картина осы күзде еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі деп жоспарланған.