Беларусь IT мамандары елдегі бассыздықты тоқтатуға үндеді

471

Олар қайтадан сайлау өткізуді талап етуде.

Беларусь IT мамандары елдегі бассыздықты тоқтатуға үндеді

Беларусьтегі 200-ден астам IT компанияның басшылары, инвесторлар мен осы саланың басқа өкілдері елдегі бассыздықты тоқтатуға үндеп, қамауға алынғандарды босатып, жаңа сайлау өткізуді талап етуде. Олардың бұл үндеуі dev.by сайтында жарияланды. 

Хатқа қол қойғандардың ойынша, сайлау әділ өтпеген. Олар қазіргі ахуал кез келген саналы адамға ұнамайтыны, жұмыс істеудің қиынға соғып жатқаны туралы жазған. 
"Біз саясат туралы білмесек те, технологиялық бизнес саласының сарапшыларымыз. Қазіргі жағдай технологиялық бизнестің дамуына кедергі болады. Стартаптар қорқыныш және зорлық-зомбылық бар жерде дамымайды. Ол үшін бостандық пен ашықтық керек", — деп жазылған хатта.
IT компанияның басшылары мен инвесторлардың пікірінше, жақын арада мамандар Беларусьтан басқа елдерге көше бастайды, сондай-ақ бұл сектордың дамуы тежеліп, оған құйылатын инвестиция көлемі азаяды. 
Олар мемлекеттік органдарға мынадай талап қойды:
– Зорлық-зомбылықты тоқтатып, үрей туғызатын атмосфераны жою;
– Қамауға алынған барлық адамдарды босату;
– Қайтадан әділ сайлау өткізу;
– Беларусь тұрғындарын ақпараттан көзінен айырмау.

Еске сала кетейік, Беларусь еліндегі ереуілдердің басталғанына осымен төрт күн болды. Бірқатар қаланың көшелеріне президент сайлауының қорытындысына наразы болғандар шығуда. Ресми мәлімет бойынша, қазіргі президент Александр Лукашенко дауыстың 80%-ын, ал оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 10%-ын жинаған. Ереуілді басу үшін тәртіп сақшылар суатқыштар, резеңке оқ қолданған. Елдің ІІМ-нің дерегінше, алғашқы екі күнде 5000 адам қамауға алынды. 

Табиғат Нұрболат
Фото: liga.net

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу