Беларусь өндірушілері Қазақстанға инновациялық тракторлар әкеледі

1064

Беларусь өндірушілері Қазақстанға инновациялық тракторлар әкеледі

13-15 тамыз күндері елордада Беларусь өндірушілердің "Made in Belarus. Astana" көрмесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған шара "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Беларусь республикасының ұлттық күніне орай ұйымдастырылып отыр.

"Біздің көрме соңғы жылдары ұйымдастырылған көрмелердің ішіндегі ең ауқымдысы болмақ. Онда машина құрастыру, мұнай-химия, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдері, ағаш өңдеу және жеңіл өнеркәсіп, косметика және өзге де тұтыну тауарлары бойынша 70-тен астам белорустік кәсіпорын өз өнімдері мен жаңа дүниелерін көрсете алады. Аталған көрме қазақстандық-белорустік бизнестің дамуына арналған ыңғайлы әрі тиімді платформаға айналары сөзсіз", - дейді Беларусь сауда-өнеркәсіптік палатасының "Белинтерэкспо" унитарлы көрме кәсіпорнының директоры Евгений Введенский ЭКСПО-ның медиа-орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Е.Введенскийдің айтуынша, Беларусь республикасының өндіріс алыптары Қазақстанға бірқатар қызықты заманауи өнімдер әкелуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, "Гомсельмаш" АҚ Беларусь пен Қазақстан бірлесіп әзірлеген Essil КЗС-760 астық жинау комбайнын ұсынады. Аталған үлгі ылғалдығы жоғары дәндерді де тиімді жинай алады. Минск автокөлік зауыты (МАЗ) экологиялық Еуро-4 деңгейлі қозғалтқышы бар толық жетекті тартқыш көлік пен едені төмен МАЗ-103 автобустарын таныстырады. Минск трактор зауыты навигациялық жүйелермен жабдықталған мол қуатты Belarus-3522, Belarus-4522 тракторларын әкеледі. "БелТрансНет" білім беру орталығы" болашақтың көлігі атанған Sky Way жаңа эстакадалық көлігін ұсынып отыр. Олар жерүсті көлік жүйесіндегі қозғалысты тіректер арасына тартылған аспалы рельстердің көмегімен жүзеге асырады. Сондай-ақ, жылжымалы составтың жылдамдығы сағатына 500 шақырымға дейін жетеді және оның қозғалысы автоматты түрде реттеліп отырады.

"Қазақстан мен Беларусь ынтымақтастық орнатқан ширек ғасырда екі ел арасындағы саяси диалог тығыз сауда-экономикалық байланысқа ұласты. Біздің кәсіпкерлер байланысты кеңейтіп, бірлескен кәсіпорындар құрды. Бүгінгі таңда Қазақстанда Беларусьпен бірлескен 15 кәсіпорын бар. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы, машина құрастыру салаларында жұмыс істеп жатыр. 25 жылда екі ел арасындағы сауда айналымы 10 есеге артты. Кедендік одақ, ЕуразЭҚ сынды жаңа институттар құрылды. Мұның барлығы аса маңызды мәнге ие", - дейді Беларусь республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасов.

Сондай-ақ, 13 тамыз күні ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Беларусь Республикасының ұлттық күніне ел премьер-министрі Андрей Кобяов бастаған арнайы делегация келеді деп күтілуде. Көрменің ашылу салтанатын кейін премьер-министр Беларусь сауда-өнеркәсіптік палатасы Қазақстанның сыртқы сауда палатасымен бірлесіп ұйымдастырған белорустық-қазақстандық бизнес-форумға қатысады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу