Мемлекет басшысы Беларусь Республикасының Президентімен кездесу барысында оған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және "Астана ЭКСПО-2017" дүние жүзілік көрмесінің ашылуына қатысу үшін Қазақстанға келгеніне алғыс айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
– Екі жарым жыл ішінде тиісті инфрақұрылымы бар тұтас бір аудан салынды. Көрмеге қатысушылар үшін тұрғын үйлер, қонақ үй кешені, конгресс-хол және осы ауқымды іс-шараны өткізуге қажетті басқа да ғимараттар бой көтерді. Көрмені өткізген соң бұл жерде Астана халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті халықаралық көрменің негізгі идеясына тоқталып, көрменің басты нысаны – "Нұр Әлем" павильонындағы экспозициялар туралы айтты.
Беларусь Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа халықаралық көрменің ашылуына қатысуға шақырғаны үшін ризашылық білдірді.
– Біз павильондарды аралап көріп қана қоймай, сіздердің экспозициялық кешендер құрылысындағы тәжірибелеріңізді мұқият зерттемекпіз. Өйткені біз де халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді А.Лукашенко.
Сонымен қатар, Беларусь Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихты зерттеуде әділеттілікті қалпына келтіруге жете көңіл бөлетінін атап өтті.
– Сіз бұрынғы лагерьдің орнында "АЛЖИР" музейін ашуға көп күш жұмсадыңыз. Бұл лагерьде бұрынғы Одақтың түкпір-түкпірінен айдалып келген адамдар қамалды. Оның ішінде Беларусиядан келген әйелдер де болды. Бүгін біз бірқатар хаттар мен тағдыры лагерьмен байланысты адамдардың іс қағаздарын ала келдік. Бұл – маңызды құжаттар, – деді А.Лукашенко.
Кездесу соңында мемлекеттер басшылары екіжақты қатынастарды дамытудың өзекті мәселелерін де талқылады.