Беларусьте сотталғандар фермерлерге егін жинауға көмектеседі. Бұл туралы 25 шілдеде республика ІІМ басшысы Иван Кубраков Гомель облыстық атқару комитетінде өткен кеңесте мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мұндай шешім Гомель облыстық атқару комитетінің төрағасы Иван Крупко Кубраковқа егін жинау үшін колхоздарға көмек жіберуді сұрағаннан кейін қабылданды.
"Министр Лелчицкий, Речицкий пен Калинкович аудандарында жазасын ашық үлгідегі түзеу мекемелерінде өтеп жатқан және Емдеу-еңбек профилакториясындағы сотталғандарды жұмысқа тартуды тапсырды", - деп хабарлады республика ІІМ.
Сотталғандар сегіз сағаттық кесте бойынша еңбек етеді, тұрғын үймен, тамақпен қамтамасыз етіледі және лайықты жалақы алады.
Бұдан басқа, министрдің нұсқауы бойынша тиісті біліктілігі бар ішкі әскерлердің әскери қызметшілері 1 тамыздан бастап Добруш ауданында ауыл шаруашылығы техникасымен егін жинауға кіріседі.
Бұған дейін сотталғандар Гомель облысының дауылдан зардап шеккен аудандарындағы аумақтарды тазалауға шақырылған еді. 16 шілдеден бастап мұндай жұмыстарға 474 адам жіберілді. Жергілікті шенеуніктермен келісе отырып, жаза өтеушілер коммуналдық қызметтерге көшелердегі бұтақтарды, жапырақтар мен басқа қоқыстарды, жолдарды тазартуға және оларды қауіпсіз күйге келтіруге көмектеседі.