Беларусь Украинаның бірқатар тауарларын импортауды қысқартады, деп хабарлайды Inbusiness.kz Беларусь СІМ басшысы Владимир Макейдің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
26 мамырдан бастап Украина Ryanair рейсі төңірегіндегі оқиғадан кейін Беларусьпен арадағы әуе қатынасын тоқтатқан болатын. Сонымен қатар украиналық әуе компаниялар мен ұшақтарға бұл елдің әуе кеңістігінде ұшуға тыйым салынды. Энергетика министрлігінің бастамасы бойынша Беларусь пен Ресей Федерациясынан электр энергиясының импортын тоқтату туралы шешім қабылданды.
"Біз Украинамен арадағы алыс-беріс барысында қанша қаражат жоғалтсақ, сонша мөлшердегі импорт қысқартылады. Жағдайды ушықтырғымыз келмейді, бірақ Украина тарапынан келетін залалды азайту үшін тиісті шараларды қарастырамыз", – деді Макей.
Беларусь бұған дейін Батыс елдерімен қатар Украина да елдің ішкі істеріне араласты деп мәлімдеген еді.Тіпті Минск наразылық акциялары Украина аумағынан ұйымдастырылды дегенді де айтқан болатын. Қос мемлекеттің қарым-қатынасы 2020 жылы нашарлап кетті. Украина президенті Владимир Зеленский өткен күзде Беларусьта жоспарланған екі елдің аймақтық форумына келмеді.
Табиғат Нұрболат
Фото: pravda.com