Беларусьтің Жоғарғы кеңесінің бұрынғы басшысы Станислав Шушкевич елдегі жалғыз мемлекеттік тіл белорус тілі болу керек, ал орыс тілін мемлекеттік мәртебеден айыру керек дегенді айтты.
"Орыстармен ешқандай келіспеушіліктер жоқ. Ұлтаралық алауыздық болмады. Бірақ біз белорус ұлты болып қалғымыз келді. Тілімізді ығыстырсақ, мәдениетімізден де айырыламыз. Орыс тіліне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Белорус тілі жалғыз мемлекеттік тіл болуы керек, оның Беларусьтен басқа отаны жоқ", – деді Шушкевич.
Оның айтуынша, бұл процесс тез жүзеге аспайды, біраз уақытқа созылуы мүмкін.
Еске сала кетсек, Беларусьте орыс тілі екінші мемлекеттік тіл болып конституцияға 1995 жылы енгізілген өзгертулерден кейін жарияланды.
9 тамызда өткен сайлаудан кейін Беларусьте ереуілдер басылмай тұр. Наразы топ Александр Лукашенконың билігіне қарсы бас көтеріп жатыр. Бастапқыда құқық қорғаушылар наразы топты тарқату үшін көзді жасаурататын газ, суатқыш, резеңке оқ қолданған. Кейін оларды тарқату тоқталды. Ресми дерек бойынша, 7 мыңға жуық адам қамауға алынған. Бірақ оның басым бөлігі кейін босатылды. Тәртіпсіздіктер салдарынан жүздеген бейбіт тұрғын, 120 құқық қорғаушы жарақат алып, 3 адам қаза тапқан.
Табиғат Нұрболат
Фото: dw.com