Беларусьтегі сайлау: Тихановская елден кетті

522

Ол қазір Литвада.

Беларусьтегі сайлау: Тихановская елден кетті

Беларусь президенттігіне үміткер Светлана Тихановская қазір Литвада. Бұл туралы Литваның Сыртқы істер министрі Линас Линкявичюс өзінің Твиттердегі парақшасында жариялады.

Лукашенконың басты қарсыласы Тихановскаяның осы жағдайға байланысты түсірілген видеожолдауы әлеуметтік желілерге тарап кетті. Ол өз сөзінде бұл шешімі үшін белорустардың көпшілігі оны жек көріп кететінін айтып, балаларын сөз етті. 

"Бұл кампания мені қайрап, маған күш береді деп ойлағанмын. Бірақ та мен сол баяға әлсіз әйел болып қалған шығармын. Мен бұл шешімді өзім қабылдадым. Достарым да, штаб та, туыстарым да, жолдасым да мұндай шешім қабылдауыма ықпал етпеді... Көбісі мені түсінбес, бірі сынар, тіпті көбісі жек көріп те кетер. Бірақ мен өте қиын таңдауға тап болдым",  деді Тихановская. 

10 тамызда Тихановская сайлау қорытындысына арыз жазу үшін Орталық сайлау комиссиясына барған еді. Бірақ одан кейін нақты не болғаны белгісіз. Оның адвокаты Максим Знактың айтуынша, мемлекеттік орган қызметкерлері Тихановскаямен үш сағат бойы сөйлескен екен. Содан кейін Тихановская ғимараттан басқа кіреберісі арқылы шығып, "Мен шешім қабылдадым" деп шығып кеткен. 

Бұған дейін Тихановская "Настоящее время" басылымына сұхбат берген болатын. Өз сөзінде егер ол саясатпен айналысуын тоқтатпаса, Лукашенкоға қарсы шығып, сайлауға түссе, Беларусь билігі оның балаларын тартып алады деп қорқытқанын айтқан еді.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу