Белдесу күресінен алғаш рет "Халық барысы" турнирі өтеді

1504

Белдесу күресінен алғаш рет "Халық барысы" турнирі өтеді

8-мамыр күні Алматыда белдесу күресінен тұңғыш рет "Халық барысы" турнирі өтеді. Бұл жобаның ерекшелігі – қарапайым халықтың қатысу мүмкіндігінде. Жарыстың жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды, деп хабарлайды vesti.kz. 
"Халық барысы" жобасын Халықаралық қазақ күресі федерациясы, "Қазақстан барысы" қоры мен Алматы қаласы əкімдігі ұйымдастыруда. Жарысқа кәсіби спортшылар қатыспайды. Ел арасында күресуге ниет білдірген әуесқой жандар ғана қатысады. "Қазақстан Барысы" жобасында алдын-ала іріктеу болса, "Халық барысында" іріктеу өтпейді.
Белдесу күресінде үш ғана нәтиже болады: жеңіс, жеңіліс және итжығыс. Балуандар тік тұрып күреседі. Белбеуден жоғары ұстайды, төмен ұстауға болмайды. Жауырыны ғана емес, тізесі, шынтағы, қолы жерге тисе, ол балуан жеңілген болып саналады. Құласа да, жығылса да, жеңілгені болып есептеледі.
Жаңа жобаға кәмелет жасына толған, 18-ден 50 жасқа дейігі кез келген Қазақстан азаматы өз бағын сынап көре алады. Сондай-ақ салмақ дәрежесі 70 кг-нан кем болмауға тиіс.
"Жарысқа 1000-1500 балуан жиналады деген болжам бар. Олимпиада жүйесі бойынша, таза ауада өтеді. 8 мамыр күні таңертең басталады. Күні бойы жалғасады. Бір күн жетпесе, екінші күні жалғастырамыз. Жеңімпаз Халық барысы атағын алып, қомақты қаржыны қалтасына басады", - деді "Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қорының төрағасы Арман Шораев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу