Белгілі актердің қарындасы ағасына донор болу үшін 50 келі салмақ тастаған

Жанар Райханқызы бауырына бір бүйрегін беру үшін 4 жыл бойы салмақ тастауға мәжбүр болған. 

Белгілі актердің қарындасы ағасына донор болу үшін 50 келі салмақ тастаған Фото: ticketon.kz

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, "Тамаша" театры арқылы көпшілікке танымал болған Асылбек Боранбай да інісіне донор болғысы келгенімен, қан тобы сәйкес шықпаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жанар Райханқызы Қызылорда облысы, Арал ауданындағы №64 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 2019 жылы ағасы Әділбек Боранбаевтың денсаулығынан кінәрат табылғанда-ақ, бір бүйрегін беруге шешім қабылдаған. 

- Үлкен ағам Асылбек Боранбаев – елге танымал әртіс. Одан кейін менімен тетелес ағам – Әділбек Боранбаев. Мен – үйдің кенжесімін. Екінші ағамның басына ауыр сынақ тап болып, бәрімізді алаңдатты. Дәрігерлердің "науқастың күн сайын бүйрегі солып, жағдайы нашарлауда" деген сөзі "ағаңыздың санаулы күндері ғана қалды" дегендей естілетін. Қатты қорықтым. Алғашында үлкен ағам Асылбек қан тапсырып, бір бүйрегін беруге бел байлаған. Алайда қан тобы сәйкес келмеді. Ал менің қан сараптамам сәйкес келгенімен, артық салмағым ота жасауға кедергі келтірді. Сол сәттен бастап мен өзіме "қалайда арықтап, бауырымды өлім аузынан құтқарамын" деп мақсат қойдым. Жаттығу залында қаншама күндерім, айларым тіпті жылдарым өтті. Бірнеше рет дәрігерге барып көрінгенімде еститінім бір жауап еді "жарамайсыз, әлі де толықсыз". Бірақ мен берілмедім, соңына дейін күрестім, - дейді ол.

Кейіпкеріміз 4 жылдан аса уақытта 50 келіден ары салмақ тастағанын айтады. Бәрі де – бауыры үшін жасаған жанкешті әрекеті.

- Әне-міне дегенше 4 жыл өтіп кетіпті. Әділбектің жағдайы одан сайын нашарлай түсті. Түрі кетіп, қу сүйегі ғана қалды. Әр барған сайын ағамның бейнесін көріп, жылап алатынмын. Бірақ дәл сол кездер мені қатты қамшылады. 4 жыл бұрын арықтап, ағамды құтқарамын деген мақсатымды көз ұзамай орындаймын деп өзіме серт бердім. Апталап нәр татпай, күніне екі мезгіл жаттығу залына барып тер төктім. Жақындарымның "болды енді, өзіңді қинай берме, ешнәрсе шықпайды" деген сөздері де маған ерекше мотивация болды. Анамда "балаларыңды ойла, өзіңді ойла" деді. Бірақ мен берілмедім. Соңына дейін күресіп, 50 келіден ары салмақ тастадым, - деп толықтырды сөзін.

Жанар Райханқызы артық салмақты тастау арқылы ағасына ғана емес, өзіне де көмектесті деуге болады. Ағасы Әділбек екеуінің қан сараптамасына дәрігерлердің өзі таңданысын білдіріпті. 

- Бір ай бұрын дәрігерлер ота жасауға келісім берді. Тіпті, таңданыстарын жасырмады. Өйткені, ағам екеуміздің қан сараптамамыз 99,9 пайыз бірдей болып шықты. Сол кездегі қуанышымды көрсеңіз ғой. Өзімді өмірде менен бақытты жан жоқ жоқтай сезіндім. Шүкір, барлығы сәтті өтті. Отадан соң екеуміз бір палатада жаттық. Оянып, бір-бірімізге қарай береміз. Ағам сонда қолымды қысып тұрып "Рақмет, саған бауырым!" деп алғаусыз алғысын білдірді, - деді ол. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу