Белгілі ақын, айтыскер, әдебиеттанушы Дәулеткерей Кәпұлы Астана қалалық Мәдениет басқармасына қарасты "Бірлескен мұражайлар дирекциясы" директорының орынбасары, АЛЖИР мұражайының директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дәулеткерей Кәпұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, Дарын Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
Еуразия университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы (1999-2005), Абай атындағы ҚазҰПУ-нің қазақ филологиясы факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы (2006-2008) қызметтерін атқарған. Астана қаласы әкімдігі, Мәдениет басқармасының қызметкері болып жұмыс істеген.
Елордада жарық көрген "Алтын тамыр" әдеби-танымдық журналының шеф-редакторы, Астана қаласындағы "Фолиант" баспасы директорының орынбасары болып қызмет атқарған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаменті директорының орынбасары қызметінде болған.
Аталған университеттің PhD доктаранты.