Белгілі құрылыс холдингі Қайрат Нұртасқа қола ескерткіш орнатады

925

Сондай-ақ, оның құрметіне KN тұрғын үй кешені бой көтереді. 

Белгілі құрылыс холдингі Қайрат Нұртасқа қола ескерткіш орнатады

Еліміздегі белгілі құрылыс холдингі танымал әнші Қайрат Нұртасқа Шымкентте қола ескерткіш орнататынын жариялады.

Бүгін таңертеңнен бері әлеуметтік желілерде қазақстандықтар осы мәлімдемені қызу талқылауда.

Өйткені онда құрылыс корпорациясы отандық эстрада жұлдызына қатысты жоспарлары ауқымды екенін хабарлады.

"Достар, сіздерге Шымкентте жаңа KN тұрғын үй кешенінің салынатындығы туралы xабарлауға асықпыз. Тұрғын үй кешені танымал қазақстандық әнші Қайрат Нұртастың құрметіне бой көтеретін болады. Біздің компания әншінің жанкүйерлеріне осындай сый жасап, қуантуды шешті. Тұрғын үй кешенінде барлық жағдай жасалған: xолда Қайрат Нұртас бейнеленген картиналар қойылады. Лифтте ұдайы әншінің танымал әндері шырқалады. Ал үй ауласында әншінің қоладан құйылған мүсіні орнатылады", – делінген мәлімдемеде.

Бұл ретте алғашқы 15 сатып алушыға сыйлық ретінде Қайрат Нұртастың қолтаңбасы қойылған эксклюзивті альбом салтанатты түрде табысталмақ.

"Енді KN фанаттарын тек музыка ғана біріктірмейді!",–делінген хабарламада.

Бұған пікір білдірушілердің негізгі бөлігі қарсы шықты.

"Тұрғын үйді неге Қаныш Имантайұлы Сәтпаев құрметіне атамасқа! Биыл ғұлама ғалымымыздың туғанына 120 жыл толады. Келер ұрпақ ұлы тұлғаларды білуі керек. Сол тұрғын үйде ғалымға мемориалды тақта, тіпті ескерткіш қойылса, тамаша болар еді", – деп ұсыныс жасайды енді бір адам.

"Бұларың не? Салмақты компания секілді едіңіздер ғой?", "Беделдеріңізді өйтіп құртпаңыздар. Мәртебелеріңізді сақтап қалыңыздар",– деп кеңес береді басқасы.

"Болады! Болады солай атауға! Қ.Нұртастың фанаттары көп қой, тез сатылып кетеді. Қайраттың өзі біраз пəтерлерді сатып алып қояды",– дейді тағы бір қазақстандық.

"Қумаңдар. Мықты қазақтар бар ғой, солардың атын беріңдер! Фонограмамен əн айтатын əншілерге жарнама жасамай",–дейді бір адам.

"Енді әркім өз атына үй салатын болса, не болады?",– деп қайран қалады пікір қалдырушылар.

Айта кету керек, құрылыс компаниясы бұл мәлімдемесінің  "1 сәуір – күлкі күніне" арналған әзіл екенін хабарлады. Бірақ "атаулы" тұрғын үй салу идеясына кетәрі еместігін меңзейді: "Негізі, тұрғын үй кешенін KN деп атау туралы идея қалай?" деп сауал тастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу