Белгілі жапон саясаткері Қазақстанмен достық жөніндегі Парламенттік лиганы басқарды

75

Жапония Парламентінде екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған Қазақстанмен достық лигасының отырысы өтті.      

Белгілі жапон саясаткері Қазақстанмен достық жөніндегі Парламенттік лиганы басқарды Фото: gov.kz

Шара барысында 8 ақпанда өткен парламенттік сайлау қорытындылары бойынша жасақталған парламенттік лиганың жаңа құрамы бекітілді. Лига төрағасы болып билеуші Либералдық-демократиялық партияның ықпалды Сайлау стратегиясы комитетінің төрағасы Ясутоши Нишимура сайланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ясутоши Нишимура Экономика, сауда және индустрия министрі, сондай-ақ Министрлер кабинеті Бас хатшысының орынбасары сияқты маңызды лауазымдарды атқарған.

Отырыс барысында сөз сөйлеген Я.Нишимура Қазақстанның өңірлік экономика жүйесіндегі сенімді энергия ресурстарын жеткізуші әрі құрлықаралық логистикалық бағыттардың маңызды буыны ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Ол Жапонияның Қазақстанмен энергетика саласындағы, соның ішінде мұнай, уран және декарбонизация технологиялары бағыттарындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін айтты.

Сонымен қатар, Я.Нишимура жоғары деңгейдегі екіжақты диалогты нығайту мақсатында жақын уақытта Астанаға келуге ниетті екенін жеткізді.

Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Кеңесшілер палатасы мен Өкілдер палатасының депутаттарын екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерімен, сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалармен таныстырды. Жаңа Конституцияның негізгі ережелеріне, сондай-ақ Құрылтайдың рөліне ерекше назар аударылды.

Қазақ дипломаты Қазақстанның экономикалық дамуы туралы жан-жақты ақпарат беріп, көлік және логистика, энергетика, өнеркәсіп пен цифрландыру салаларындағы жапон компаниялары үшін перспективалы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Жапония СІМ-нің Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі, Елші Масаки Ишикава Жапонияның Қазақстанға қатысты сыртқы саясатының басымдықтары туралы ақпарат берді, ал Жапония Экономика, сауда және индустрия министрлігі Сауда саясаты бюросы бас директорының орынбасары Такако Фуджисака екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі дамуы жөнінде баяндады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу