Жылжымайтын мүлік сатумен айналысатын қытайлық компанияның Nasdaq биржасындағы бағасы бір күнде 13 есе көтерілді. Осылайша фирманың нарықтық капитализациясы 4 млрд долларға дейін жетті. Бұл туралы Bloomberg басылымы хабарлады.
Мұндай шарықтауға не түрткі болғаны белгісіз. Бірақ кей сарапшылардың болжамынша, инвесторлар Fangdd Network Group деп аталатын бұл компанияны FAANG (Facebook, Apple, Amazon, Netflix және Google) аббревиатурасымен шатастырып алса керек.
Дағдарысқа ауқатты адамдар әрқалай дайындалып жатыр. Бірі биржадағы акцияларды сатып алып жатса, кейбіреулері мүлік саудалауға көшкен. Мысалы, Гонконгтың дәулетті тұрғындары бірнеше миллион долларын Сингапурға аударған. Басқалары Лондондағы жылжымайтын мүліктерге қызығушылық танытуда. Өйткені олар Гонконгтағы үйлердің бағасын тым қымбат деп есептейді. Тағы біреулері оффшордағы банктерде шот ашып, жаңа паспорт алуға дайындалып жүр. Жалпы, Қытайдың арнайы әкімшілік аймағынының азаматтары 1997 жылғы экономикалық және саяси дағдарыс қайталанады деген пікірде.
Кәсібі тұралап қалған ірі компаниялар біртіндеп жұмысқа кірісе бастады. Ikea басшылығы пандемия кезінде компанияға қолдау көрсеткен тоғыз мемлекетке қарызын қайтаруды көздеп отыр. Швед компаниясы індеттен аса қатты зардап шеге қоймаған. Қазірдің өзінде компанияның барлық дерлік дүкені жұмыс істеп жатыр.
Табиғат Нұрболат