Бельгиялық әйел асырап алған 21 жастағы Эдди Жан (Жәнібек) туралы тағы бір ақпарат белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бармысың, бауырым?" хабарының жүргізушісі Қымбат Досжан тағы бір ақпаратты айтты. Оның айтуынша, Жәнібектің анасы болуы мүмкін тағы бір әйел ДНҚ сынамасын тапсырған. "Зерттеу жұмысы барысында "Бармысың бауырым?" редакциясы тағы бір келіншектен ДНҚ сынамасын алды. Болжамды ана – Айгүл", - деп жазды журналист.
Сондай-ақ, Жәнібектің өзі де әлеуметтік желіде жазба жариялап, оқырмандарынан көмек сұрады.
"Қазақ радиосының "Бармысың, бауырым?" хабар редакциясы қазір менің туған жерім Арқалықта, менің анамды іздеп жатыр. Менің оларға деген сенімім зор. Мен оларға ризамын, баршаға ризамын", деп жазды Жәнібек.
Шетелдегі қазақ баласы анасын құшақтағысы келетінін, үмітін үзбейтінін айтып, отандастарының көмегі ауадай қажет екенін айтты.
"Сіздердің де көмектеріңіз ауадай қажет. Менің оқиғама қатысты маңызды мәлімет білетін адамға менің өтінішім әлі жетпеген сияқты...Ақпарат беруден қорықпаңыздар, маған жекеге жазыңыздар немесе құпия түрде редактор Әсел Асқарқызы хат-хабар қабылдайды. (whatsApp 8771 321 97 86)", деп жазып Жәнібек осы жазбасын таратуды сұрады.