Белградтағы наразылық білдірушілер қала әкімшілігінің ғимаратына басып кіруге әрекеттеніп жатыр

314

Шерушілер есікті бұзу үшін флагштоктарды қолданды. 

Белградтағы наразылық білдірушілер қала әкімшілігінің ғимаратына басып кіруге әрекеттеніп жатыр Фото: reuters.com

"Сербия зорлық-зомбылыққа қарсы" оппозициялық блогының жақтастары қала әкімшілігінің ғимаратына басып кіруге әрекеттеніп жатыр. Бұл  туралы inbusiness.kz сайты ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетсек, аталған оппозициялық блогтың жақтастары Белград орталығында орналасқан Республикалық сайлау комиссиясы ғимаратының жанында 18 желтоқсан күні кешке шерулер сериясын бастаған болатын.

Шерушілер флагштоктарды қолданып, есікті бұзып, терезені сындырып, тас пен сыра банкаларын лақтыра бастады. Сонымен қатар, олар бейнебақылау камераларын бұзды.

Бұдан бөлек, бүлікшілер отшашуды пайдаланып, сынған терезелерді қалқанмен жауып тұрған полициядан ғимараттан кетуді талап етті. Оған жедел жәрдем келді.

"Белград полициясы наразылық білдірушілердің қала әкімдігіне кіру әрекетіне жауап ретінде көз жасаурататын газ қолданды. Оппозиция жақтастары терезе әйнегін таяқпен ұрып, полицияға тас пен сыра банкаларын лақтыруды жалғастырып жатыр және олар қалқандармен есікті жауып жатыр", - деп хабарлады ТАСС агенттігінің тілшісі.

Сондай-ақ, ел президенті Александар Вучич халыққа шұғыл үндеу жасап, қала әкімшілігі ғимаратын басып алу әрекеттері революция болып табылмайтынын және құқық қорғау органдары жағдайды бақылауда ұстап тұрғанын мәлімдеді.

"Сербия азаматтары, сіздерге айтарым, көріністер үрейлі болғанымен, уайымдамаңыздар. Ешқандай революция болып жатқан жоқ, олардың әрекеттерінің бірде-бірі іске аспайды және біз байыпты, бейбіт реакция көрсете отырып, кездейсоқ демонстранттарға кесірі тиіп кетпеуін бақылаудамыз", - деп түсіндірді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу